Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ағымдағы жылдың
17 қыркүйегінде еліміздің HR мамандары үшін «HR цифрландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында Open Day өткізді.
Іс-шараның мақсаты – кадрлық процестерді цифрландырудың заманауи құралдары туралы HR-қоғамдастықты ақпараттандыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметте адами капиталды дамытуда инновациялық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу.
Кездесу барысында кадр жұмысын автоматтандыруға және цифрлық трансформациялауға арналған заманауи ақпараттық жүйелер, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыруға бағытталған іске асырылып жатқан HR-жобалар ұсынылды.
Open Day-ға қатысуға HR-қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ цифрлық HR-тәжірибелерді дамытуға тартылған сарапшылар шақырылды.
Дархан Жазықбай іс-шара қатысушыларға арнаған сөзінде цифрлық трансформацияның маңыздылығын, мемлекеттік және жеке сектордағы HR-қызметтері арасындағы әріптестікті нығайтудың өзектілігін атап өтті. Бұл міндет Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған негізгі бастамалармен тығыз үндеседі. Атап айтқанда, Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы, тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін платформалық экономика мен үлкен деректерді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Кездесу барысында қатысушылар Агенттіктің жұмысымен және өзекті міндеттерімен танысты. Орталықта мемлекеттік қызметке цифрлық іріктеу, сондай-ақ «e-Qyzmet» жүйесі және бірыңғай кадр жүйесі арқылы HR-процестерді автоматтандыру мәселелері егжей-тегжейлі ұсынылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ірі HR-жобалардың бірі – Президенттік жастар кадрл резерві таныстырылды, ол таланттарды басқаруда және кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруда маңызды құралға айналды.
Агенттік Төрағасының орынбасары Ә.Ғ. Ахмедьяр мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясының жобасын ұсынды.
Осындай іс-шараларды өткізу персоналды басқару саласындағы процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді, сондай‑ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектора арасында диалог пен кәсіби өзара әрекеттестіктің тиімді алаңы болып табылады.