Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай өзінің құттықтау сөзінде мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен ел мүддесін әрдайым басты орынға қойып, мемлекеттік аппараттың жұмысын сапалы атқару жауапкершілік жүктелгенін, мемлекеттік қызметтегі әр азамат отанға адал қызмет етудің жауапкершілігін сезініп, адал ниетпен ел игілігі жолында еңбек ету арқылы еліміздің дамуына үлесін қосатынын айтты.
«Әділетті Қазақстанды құру жолында әр мемлекеттік қызметшінің отаншыл, мемлекетшіл болуы және өзіне жүктелген лауазымдық міндетке ерекше жауапкершілікпен қарауы, Заң мен Тәртіп қағидатының орнығуына үлес қосуы маңызды» деді Агенттік төрағасы.
Дархан Жазықбай лауазымдық міндетін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілерге және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлық-оқытушылық құрамына мемлекеттік қызметшілерді даярлау мен біліктілігін арттыруға қосқан үлесі үшін құрмет грамоталарын және алғыс хаттарды табыстады.
Сондай-ақ, салтанатты іс-шара аясында «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.