Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Елге қызмет – қашанда абыройлы міндет.
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен ел мүддесін әрдайым басты орынға қойып, мемлекеттік аппараттың жұмысын сапалы атқару жауапкершілігі жүктелген. Сіздердің еңбектеріңіз мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруда ерекше маңызға ие.
Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттің алға қойған стратегиялық мақсат-міндеттерін нәтижелі жүзеге асыру, халықтың талап-тілегін ескеретін, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын кәсіби, адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мемлекеттік қызметтегі әр азамат отанға адал қызмет етудің жауапкершілігін сезініп, адал ниетпен ел игілігі жолында еңбек ету арқылы еліміздің дамуына үлесін қосады.
Әділетті Қазақстанды құру жолында әр мемлекеттік қызметшінің отаншыл, мемлекетшіл болуы және өзіне жүктелген лауазымдық міндетке ерекше жауапкершілікпен қарауы, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуы аса маңызды.
Алдымызда мемлекеттің стратегиялық жоспарларын сапалы жүзеге асырып, елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әрі қарай өркендету міндеті тұр. Осы мәртебелі міндетті атқаруда мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі ерекше.
Баршыңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толайым табыс, жемісті нәтиже тілеймін!
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай