Ағымдағы жылғы 25 сәуірден 15 мамыр аралығында «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсына қатысуға өтініштер қабылданады.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлерлерге келесі құжаттарды ұсынуды сұраймыз:
1) Конкурсқа қатысуға өтінім;
2) «Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру маңыздылығы»немесе «Әдеп жөніндегі уәкіл институтын жетілдіру» тақырыбы бойынша уәждемелік эссе;
3) әдеп жөніндегі уәкілдің осы Әдістеменің 2-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған іске асыратын жобаларының презентациясы.
«Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсын өткізу тәртібі және шарттары, өтініш нысаны, уәждемелік эссеге, презентацияға талаптар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында (www.kyzmet.gov.kz) орналастырылған «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсын өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарда айқындалған.
Құжаттарды қабылдау келесі мекенжайы бойынша жүргізіледі: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі», Астана қаласы, Абай даңғылы, 33а (қолма-қол) немесе G.usenova@kyzmet.gov.kz электрондық поштасына (электрондық көшірмелерін тіркеп).
Байланыс телефондары: 8 (7172) 75 34 14, 8701 191 80 79
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың "AIQYN" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттардың бірі ретінде алға қойған болатын.
Біз үшін басым міндет – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.
Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан «шығуды» жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын қамтиды. Мұны жүзеге асыру үшін біз тиісті заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Нәтижесінде, соңғы бір жылдың көлемінде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша 4 Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Былтыр шілде айында, Цифрлық даму министрлігімен бірге әзірленген Цифрландыруды дамыту туралы Заң қабылданып, талдау және мониторингтеу негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу функциясы Агенттікке берілді. Осылайша, өткен жылдың өзінде 46 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең жиі кездесетіндер – қызмет көрсету мерзімін және тәртібін бұзу, артық құжаттарды сұрату, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту.
Бұған қоса, өткен жылдың қараша айында аудан әкімдерін сайлау жөнінде Заң қабылданды. Сәйкесінеше, биылғы жылдан бастап, пилоттық режимде кейбір аудан әкімдерінің тікелей халықпен сайланатыны ескеріліп, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Онда сайланатын әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылды. Сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алынып тасталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Бұған қоса «Б» корпусының жоғары лауазымдарына Агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл толықтырулар күшіне енгеннен бастап, Агенттікпен осындай 38 тағайындау келісілді.
Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістердің басым бөлігі биылғы жылдың 20 наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңында көрініс тапқанын айта кету керек. Осы заңдағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, отандық заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. «Келісімшарттық қызметшілер» мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Олар салалық жобаларды іске асыру үшін тартылатын болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ережелер мен талаптар тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді.
Заңнамадағы жаңашылықтардың бірі – өңірге барып жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем енгізіліп отыр. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келуде. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Ротациялық төлемді енгізу үшін Республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажетті қаржы бөлу мәселесін мақұлдағанын айта кету керек.
Заңнамаға енгізілген басқа да өзгеріске сәйкес – мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті Агенттікке беріліп отыр. Уақыт көрсеткендей, кешегі пандемия және жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтықтан жұмыс жасау, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы қажетті нормалар 2021 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне де енгізілген болатын. Алайда, мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескеріп, мемлекеттік қызметте бұл мәселелер нақты және егжей-тегжейлі реттелуі тиіс болғандықтан, енді мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесінің тәртібі Агенттіктің тиісті бұйрығымен белгіленетін болады.
Осы айтылғандармен қатар, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін, міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ, Академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуіне қатысты талап сақталады.
Қолданыстағы заңнамаға енгізілген толықтырулардың бірі – мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеуге қатысты. Бұған дейін, әр мемлекеттік орган өз штат кестесін өзі бекітетін. Осыған орай, басшылар мен орындаушылар саны реттелмей келген еді. Нәтижесінде, бір басшыға кейде 1 немесе 2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесетін. Ал енді кейде, кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып кету фактілері орын алатын. Бұдан былай, мұндай олқылықтарды болдырмау үшін басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады.
Келесі өзгеріс жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту құзыретін Агенттікке беруге қатысты. Қалыптасқан жағдай бойынша мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты. Осылайша, қазіргі кезде Үкімет қаулысымен тиісті жұмыс өтілін есептеу тәртібі бекітілген. Үкіметтен құзыреттерді орталық органдарға беру саясаты аясында аталған тәртіпті бекіту құзыреті Агенттікке берілді.
Заңнамадағы келесі жаңашылдықтардың бірі – саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға байланысты. Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Енді, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешім тек Мемлекет басшысымен ғана қабылданатын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Германия, Испания, Ирландия елдерінде мұндай тәжірибе қолданылатынын айта кету керек.
Осы айтылғандармен қатар, заңнамаға мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысты түзетулер енгізіліп отыр. Аталған түзету
1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы Агенттік құзыреті ретінде бекітілді.
Енгізілген түзетулердің тағы бірі – мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысы саласындағы актілерді Агенттікпен келісуге қатысты болып отыр. Қолданыстағы Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы жүйесін және оларға сыйақы төлеу тәртібін Үкімет бекітеді. Оны әзірлейтін – Ұлттық экономика министрлігі. Бұдан былай, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру бойынша бірыңғай саясатты ұстану мақсатында, еңбекақы саласындағы актілер міндетті түрде Агенттікпен келісілетін болады.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қысқаша реті осындай.
Агенттік алдағы уақытта Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу, оның ішінде кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, меритократия қағидаттарын ілгерілету, мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеуді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізетін болады.
Дереккөз:Айқын газеті
2023 жылғы 21 сәуірде Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қоғамдық мониторингтеудің қорытындылары қарастырылды.
Іс-шараға қатысушылар қоғамдық мониторинг жүргізіліп бастаған уақыт ішінде қоғамдық мониторингтің назарына түскен мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің ауқымы 12 еседен артық көбейгеніне, ал респонденттер санының 3,6 есеге өскеніне баса назар аударды. 2022 жылы жүргізілген қоғамдық мониторингтеу нәтижелері мемлекеттік қызмет көрсету сапасына еліміздің тұрғындарының 81,2% қанағаттанатындығын көрсетті.
Өз кезегінде, Агенттіктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша қоғамдық мониторингтеуді жүргізген үкіметтік емес ұйымның өкілі 2022 жылы еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік қызмет көрсетудің 415 түрі бойынша зерттеулер жүргізіліп, оған 32 мыңнан астам респонденттер қатысқанын атап өтті.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің талқылауларының нәтижесі бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға 2022 жылғы қоғамдық мониторингтеу қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бойынша қажетті шаралар кешенін қабылдау ұсынылды.
Ағымдағы жылғы сәуір айында Агенттіктің аумақтық департаменттерімен жоғары оқу орындарында студенттермен кездесулер өтті.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.
Сондай-ақ Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау тәртібін толық цифрландыру арқылы конкурстың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге онлайн режимде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
2023 жылғы 15 сәуірде «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы басталады.
Конкурсқа қатысуға кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберіледі. Конкурсқа мемлекеттік қызметші мемлекеттік орган басшысының ұсынуы бойынша қатыса алады.
I кезең – өңірлік (облыстық) деңгей.
Бірінші кезеңге қатысушыларды іріктеуді өңірлік конкурстық комиссия жүргізеді. Өңірлік конкурстық комиссия Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан құрылады. Комиссия құрамы қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың басшыларынан және басқа да тұлғалардың өкілдерін қамтиды.
Құжаттар 2023 жылғы 15-30 сәуір аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің электрондық пошталары арқылы қабылданады:
1) конкурсқа қатысу туралы мемлекеттік органның ұсынымы;
2) конкурсқа қатысушының қызметтік тізімі.
II кезең – республикалық деңгей.
Екінші кезеңде республикалық комиссия қатысушылардың презентациясын тыңдау мақсатында 2023 жылғы 2 маусымға дейін кандидаттармен әңгімелесу өткізеді. Презентация қорытындылары бойынша республикалық комиссия онлайн дауыс беруге жолдау үшін үздік ұсыныстарды іріктейді.
Онлайн дауыс беру Агенттіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жүргізіледі және оған республиканың барлық азаматтары қатыса алады.
Республикалық комиссияның қорытынды отырысында конкурс жеңімпаздары айқындалатын конкурс нәтижелері туралы шешім қабылданады.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «23 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күні» мерекесіне орай ұйымдастырылады.
Толық ақпарат Агенттіктің ресми сайтында орналастырылған арнайы Әдістемелік ұсынымда көрсетілген.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Агенттік Төрағасы мемлекеттік қызметке орналасу, талантты жастар мен кәсіби мамандарды тарту және оларды қолдау шаралары туралы айтты.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.
«Бұл – ең алдымен, жастар үшін жасалып жатқан жеңілдіктер. Жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашады. Мемлекеттік қызмет – мамандық таңдамайды, онда әртүрлі маман өкілдері қызмет атқара алады», – деді Дархан Жазықбаев.
Ұлттық, салалық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңіне арнайы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін келісімшарттық қызметшілер институты заңнамалық тұрғыдан енгізілді.
Биыл Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеу өткізіледі. Агенттік басшысы 2023 жылы республиканың барлық аймақтарында Өңірлік жастар кадр резервтері құрылатынын айтты: «Бұл еліміздің жастарына үлкен қолдау болмақ. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар қоғамның ішінде. Біздің міндет – осындай жастарды тауып, мемлекеттік аппаратқа тарту және іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру».
Қазіргі таңда Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау тәртібін толық цифрландыру арқылы конкурстың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге онлайн режимде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Аймақта жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында оларға қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және ынталандыру жұмыстарын жүргізетін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жұмыс жасайды.
«Келешек – білімді, жаһандық деңгейде ойлай алатын жастардың қолында. Орталарыңызда болашақта мемлекеттік қызметке келемін деген жастарға айтарым – басты мақсат – үлкен бастық болу емес, ел игілігі үшін қызмет ету болуы керек. Мақсат жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек», - деді Агенттік басшысы.
Шара аясында университет студенттері мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеруге қатысты сұрақтар қойып, қызығушылық танытты.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың басшылығымен орталық мемлекеттік органдардың және бейнеконференцбайланыс арқылы жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшылары үшін мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді талқылау бойынша жиын өтті.
«Мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың негізгі мақсаты – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Мемлекет басшысы ерекше атап өткен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» формуласын ұстану қажет. Бұл мемлекеттік басқаруды жаңғыртудағы негізгі ұстаным», - деді Дархан Жазықбаев.
МҚІА басшысы мемлекеттік қызметті жаңғыртуға жалаң тапсырма ретінде қарамай, оның шынайы өзгерістерге бастайтын маңызды қадам екендігін тереңірек түсіну қажеттілігіне тоқталды.
Мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды сапалы жүзеге асыру және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тартудағы аппарат басшыларының маңызды рөлі аталып өтті.
Толыққанды стратегиялық HR-институты болып қалыптасу аясында Агенттік мемлекеттік органдардың HR-серіктесіне айналады. Бұл бағытта кадр қызметтерін трансформациялау және HR институттарын реинжинирингтеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізу көзделуде.
«Адами ресурс – бұл өнімділікті, еңбек тиімділігін арттыру үшін қолдануға болатын адамдардың әлеуеті. Сондықтан HR менеджер – бұл ұжымды басқарушы ғана емес, ол адам ресурсымен жұмыс істейтін, адамдардың еңбек өнімділігін арттыруға тиімді бағыттаушы маман. Қажетті мамандарды ынталандыратын, бағалайтын және іздеуші адам. Осы орайда, мемлекеттік аппараттағы басшылық лауазымдағы қызметкерлер алдағы уақытта HR менеджерлерге айналуы қажет», - деді Агенттік төрағасы.
Жиын барысында мемлекеттік қызмет туралы Заңға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы мен ротациялық төлемдер енгізу, Агенттікке мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін реттеу, мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу, жұмыс кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретін беру және т.б. енгізілген өзгерістер айтылды.
Сондай-ақ 1 сәуірден бастап Агенттікке мемлекеттік органдарда жұмыс режимін бұзу туралы әкімшілік істерді қарау бойынша берілген құзыреті қолданысқа енгізіледі.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылау.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы айтты: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету бойынша шаралар іске асырылуда».
МҚІА басшысы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауға бағытталған заңнамалық өзгерістер бойынша депутаттық корпуспен бірлескен жұмысты ерекше атап өтті.
Шара барысында мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру, Агенттікті толыққанды HR институты ретінде қалыптастыру, Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік жастар кадрлық резервтерін құру, мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және бағалау мәселелері талқыланды.
Депутаттарға мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту және кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру мәселелері таныстырылды.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметке үміткерлерге онлайн режимде іріктеуден өтуге мүмкіндік беретін, барлық конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы құрылды. Жүйені сынақтан өткізу бес мемлекеттік органда жүзеге асырылады.
Іс-шара барысында депутаттар Президенттік жастар кадр резерві кеңсесі, Академия тыңдаушыларына арналған цифрлық коворкинг залы, 3D-голографиялық дәрістер түрінде ақпаратты жаңғыртуға мүмкіндік беретін голограмма залының жұмысымен танысты.
Меритократия қағидатына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы лауазымына Шынарай Әлімхан тағайындалды.
Шынарай Әлімханқызы 1973 жылы дүниеге келген. Талдықорған педагогикалық институты және әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 26 жылдан асады.
Алматы қаласы бойынша Әділет департаментінде жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы болып қызмет атқарған.
2015 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органда жұмыс істейді. Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінде тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің консультанты, бөлім басшысы, Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі лауазымдарын атқарған.
Департамент басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін Ш.Ә. Әлімхан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі болды.
Меритократия мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаты ретінде мемлекеттік қызметшінің қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес оның еңбегі мен жетістіктерін ескере отырып, мансаптық ілгерілеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
2023 жылғы 27 наурызда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың төрағалығымен мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бағытында талдау жұмыстарын жүргізу бойынша кеңес өткізілді.
Іс-шараға қаржы, сауда министрліктерінің және олардың аумақтық бөлімшелерінің, республикалық маңызы бар қала, облыс әкімдіктерінің басшылары, Астана мемлекеттік қызмет хабының сарапшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, азаматтық және бизнес сектордың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытында жұмыс топтарының алдағы уақытта жүргізетін талдау алгоритмі талқыланды.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында талдау жұмыстары қаржы және сауда салалары, оның ішінде кәсіпкерлікті жүргізу бағыттары бойынша өткізіледі.
Жиын барысында Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік органдардағы бюрократия – бизнесті дамытудағы басты кедергілердің бірі болып отырғанын» атап өтті. Жоспарланып отырған жұмыстардың негізгі нәтижесі шағын және орта бизнесті қолайлы жүргізуді қамтамасыз етуге тікелей әсерін тигізу керектігі айтылды.
Талдау жүргізу үшін қаржы және сауда салаларында орталық және өңірлік деңгейлерде жұмыс топтары құрылған.
Жұмыс топтарының құрамына Агенттіктің, салалық министрліктердің және олардың аумақтық бөлімшелердің басшылары, азаматтық және бизнес сектор өкілдері, сарапшылар мен заңгерлер – жалпы 1 300-ден аса тұлға кірді.
Талдау жұмыстары қаржы саласында – 1 500-ден астам функцияны, сауда саласында – 400-ге жуық функцияны қамтымақ. Жоспарланып отырған жұмыс республикалық деңгейде – 54 мемлекеттік органдар мен ұйымдарда өтеді, өңірлерде бұл сан – 1 123-ке дейін жетеді.