Меню
Страницы
Агенттік туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Аумақтық департаменттер
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 июня 2024
Президент Мемлекеттік қызметші күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады

Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңізге Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша міндет жүктелген. Сіздер мемлекет пен қоғам мүддесін қорғап, жасампаздық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетесіздер деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Дереккөз: t.me/aqorda_resmi

22 июня 2024
Қазіргі замандағы адам ресурстарын дамытуда тәжірибе алмасу бойынша халықаралық конференция өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Қазіргі замандағы адам ресурстарын дамытуда тәжірибе алмасу» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметте персоналды басқару саласында озық тәжірибелермен алмасу және инновациялық шешімдерді әзірлеу, адами ресустарын стратегиялық басқару мәселелері бойынша пікір алмасу.        

Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Ә.Байменов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы К. Омуралиев, Түркия Республикасы Президенті жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің президенті С. Атай, Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығының директорлар кеңесі төрағасы орынбасары Б. Халилов, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинетінің жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттік директорының орынбасары М. Саргазаков, Әзірбайжан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры У. Алакбаров, Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының проректоры У.Аманбаев, БҰҰДБ-ның «Мемлекеттік мекемелер үшін гендерлік теңдік сыйлығы» бағдарламасы, Кореяның мемлекеттік басқару институты, Сингапурдың мемлекеттік қызмет колледжі, Фудан университеті (ҚХР), Бельгияның Федералды мемлекеттік қызметі, «EMIN HR Tech Company» (РФ) компаниясының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметінің басшылары, адами ресурстарды басқару саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай таланттар үшін күрес, жасанды интеллект және HR трансформациясы заманында әрбір мемлекет үшін адами ресурстарды басқару саласында тиімді шешімдер қабылдаудың өзектілігіне назар аударды. Ол Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі реформасы аясында әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер ұсынуға негізделген мансаптық және позициялық модель элементтерінен тұратын мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру бойынша шараларға тоқталды.

Мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мақсатында іріктеу кезінде үміткердің таңдалған салаға сәйкес келетін мемлекеттік қызметтегі және жеке секторлардағы жиынтық жұмыс өтілін толық есептеу, кәсіби мамандарды жекелеген жоғары лауазымдарға және жоғары оқу орындарының грантпен бітірген үздік түлектерін ауыл-аудандағы төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі берілді. Цифрлық технологияларды қолдану аясында «e-Qyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы іске қосылды. Іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі әрбір қазақстандыққа конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн қатысуға мүмкіндік беріп, адами факторларды азайтады.

Мемлекеттік басқару ісіне дарынды жастарды тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резерві жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. 2019 жылы бастау алған жоба арқылы кәсібилігі жоғары 400 жас маман іріктелді.

Конференция қатысушылары адам ресурстарын дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанның халықаралық тәжірибеге бағдарланған мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытындағы қол жеткізген жетістіктерін оң бағалады.

Конференция аясында Қазақстан және шет елдердің мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке сектордағы жетекші сарапшылары мемлекеттік кадр саясатындағы гендерлік теңдік, мемлекеттік қызметтің экожүйесі: ұйымдық мәдениет және құндылықтар, адами капиталды басқарудағы цифрландырудың қазіргі тенденциялары, кәсіби мемлекеттік аппараттан стратегиялық аппаратқа көшу, таланттарды басқарудың жүйелік және инновациялық HR тәсілдері туралы мәселелерді ортаға салды.

21 июня 2024
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің адам ресурстарын дамыту жөніндегі уәкілетті органдар басшыларының үшінші кездесуі өтті

Бүгін халықаралық «23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне» орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің адам ресурстарын дамыту жөніндегі уәкілетті органдар басшыларының үшінші кездесуі өтті.

Негізгі мақсаты – ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару саласында тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді талқылау.

Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркия Республикасы Президенті жанындағы Адами ресурстарды басқару кеңсесінің президенті Салим Атай, Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігінің директорының бірінші орынбасары Амиртемирхон Мусаев, Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығының директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Бахрам Халилов, Әзірбайжан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Урхан Алакбаров, Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының проректоры Урмат Аманбаев, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшылары қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай жаһандану және жедел технологиялық прогресс жағдайында ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттіліктің негізі – адам капиталына ерекше көңіл бөлудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет деп айтып өткен болатын. Сондықтан біз үшін Түркі әлемінің экономикалық, мәдени және әлеуметтік салалардағы үйлесімге ұмтылысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтегі HR саласында да ұтымды шаралар қабылдаудың маңызы ерекше. Біздің мақсатымыз бір – ол мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқарудың күшті әрі үйлесімді жүйесін құру», - деді Дархан Жазықбай.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметті жаңғыртуда HR құралдарын қолдануға басымдылық беріліп, талантты жастарды және жеке сектордан кәсіби мамандарды тартудың жаңа тетіктері енгізілуде. Біліктілігі мен салалық тәжірибесіне сәйкес кәсіби мамандар мен дарынды басқарушыларды жекелеген жоғары лауазымдарға, ал жоғары оқу орындарының грантпен бітірген үздік түлектерін аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз тағайындау, «келісімшарттық қызметші» ретінде салалық мамандарды нақты жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктері берілген.

Цифрлық трансформация аясында «e-Qyzmet» жүйесінде іске қосылған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы Қазақстан азаматтарына конкурстарға онлайн түрде қатысуға жол ашты. Цифрлық іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында агенттікпен жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесі зерделенуде.

Жиынға қатысушылар өз кезегінде, Қазақстанның мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы қадамдарын оң бағалап, өзгерістер дәуірінде адами капиталды дамытуға қатысты өзекті ойлары мен озық тәжірибелерін ортаға салды. Әзірбайжанда тестілеу құралдарын кеңінен қолдану, Қырғызстанда мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыру, Түркияда үздіксіз оқыту жүйелерін ілгерілету, Өзбекстанда бағалау тетіктерін жаңарту жұмысы алға қойылғандығы айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар бүгінгідей басқосудың мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару бойынша тәжірибе алмасудағы және үздік шешімдерді әзірлеудегі маңызын ерекше атап, одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін білдірді.

20 июня 2024
Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне дипломдар табысталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл докторантура және магистратура білім бағдарламалары бойынша 124 түлек диплом иегері аталып отыр.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түлектерді құттықтап, алдағы ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында Әділетті Қазақстан қағидаттарына сай келетін жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Ашықтық, әділдік және меритократия қағидаттары негізінде мемлекеттік қызметке қабілетті әрі білікті азаматтарды, дарынды жастарды тартуға кеңінен жол ашылуда. Мемлекеттік басқару академиясын үздік аяқтаған түлектердің өңірлік деңгейде конкурссыз негізде басшылық лауазымдарға тағайындала алу мүмкіндігі де осының дәлелі. Академиядан түлеп ұшқан магистранттар мен докторанттар мемлекеттік қызметшілер буынының нағыз көшбасшылары болуға тиіс. Алған кәсіби құзыреттіліктеріңіз мемлекетіміздің кешенді стратегиялық міндеттерін шешуде, басқарудың сервистік моделіне көшуде шешуші рөл атқарады деп сенемін», - деді МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай.

Шара соңында ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері альянсының ресми ашылу салтанаты өтті.

20 июня 2024
Мемлекеттік қызметші күніне орай мемлекеттік қызметте еңбек сіңірген ардагер қаламгерлермен кездесу өтті

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» тақырыбында мемлекеттік қызметте еңбегі сіңген ардагер жазушы қаламгерлермен кездесу өтті. Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, мемлекеттік қызметшілер, Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – аға буын және өскелең ұрпақтың арасындағы сабақтастықты жандандыру.  

Тәлім-тәрбиелік мәні ерекше осы шарада сөз алған  Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай «Қоғамды ізгілікке тәрбиелеуде, ұрпақтың сана-сезімін, ой-өрісін кеңейтуде әдебиеттің атқаратын рөлі ерекше» дей келе, кезінде әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген, елдік мұраттарды насихаттап, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан аға ұрпақтың қаламгерлік және қайраткерлік болмысына арнайы тоқталып, қонақтарға кездесуге арнайы қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Агенттік төрағасы қаламгерлерді Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуге, мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік  сынды қасиеттерді орнықтыру ісіне атсалысуға шақырды. Осы орайда «Адал азамат» құндылықтарын бейнелейтін, мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін жаңа туындылар жазуға ұсыныс білдірді. Ондай шығармалардың тартымды болуы үшін, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік білетін жазушылар қалам тартып жатса туындының мазмұны шынайы да әсерлі шығатынын атап өтті.  

Уәлихан Қалижанұлы, Жабал Ерғалиұлы, Жолтай Әлмашұлы, Роза Мұқанова, Азат Әкім сынды жазушы қаламгерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Мемлекеттік қызметшілер мен Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларының қойған сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.

Шара соңында «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат  мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы» атты кітаптың тұсауы кесілді.  

Кітаптың мазмұнында ұлттық мүдде, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адалдық сынды қағидаттар көрсетіліп, оларды өзекті ұстаным ретінде ұсыну арқылы мемлекеттік аппараттың дамуына жаңаша серпін беру көзделген.

Туынды авторы Дархан Жазықбай ұсынылып отырған еңбекте жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерге тән басты ұстанымдар мен қағидаттар жайлы жазылғанын, олар мемлекеттік қызметшілердің саналы жаңғыруына, олардың бойында жаңа мәдениет пен жаңаша құндылықтар қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

18 июня 2024
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау мәселелері талқыланды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен орталық мемлекеттік органдардың және бейнеконференцбайланыс арқылы жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшылары, персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін мемлекеттік қызмет және көрсетілетін қызметтегі бақылау мәселелерін талқылау бойынша жиын өтті.

«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениетті қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту міндетін және барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуді алға қойды. Бұл ретте, Агенттік сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізуде», - деді Дархан Жазықбай.

Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаларға енгізілген Агенттікке дербес тәртіппен мемлекеттік және көрсетілетін қызметті бақылауды жүзеге асыру тетігі болып отыр. Бұл жаңашылдық 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

Енді мемлекеттік бақылау мемлекеттік қызметшілердің қызметті өткеруі мен функционалдық міндетін орындауына байланысты барлық іс-әрекеттерін қамтитын болады. Жаңа тәртіптің ерекшелігі, ол бұзушылықтың салдарымен күресуді емес, керісінше, соған әкелген себептерді жоюды көздейді.

Заманауи талаптарға сай бақылауды жүзеге асыру кезінде цифрлық әдістерді де қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Осылайша, мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау іс-шараларын «Е-қызмет» жүйесінде іске қосылған жаңа модуль арқылы өткізу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді мониторингтеу және үлкен ақпараттарды талдау сынды бақылаудың цифрлық әдістері қолжетімді болды.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды шынайы өзгерістерге бастайтын маңызды қадам екендігін тереңірек түсіну қажеттілігіне тоқталып, жаңа бақылау жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететіндігіне назар аударды.

Шара барысында Агенттікпен мемлекеттік органдарда жүргізіліп жатқан жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг шаралары көтерілді. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарға барумен 513 мониторинг жүргізіліп, оның нәтижесімен тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы 280-нен астам қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Жұмыс уақыты режимінің бұзылуына себепші факторлар ретінде құжат айналым жүйесі, бизнес-процесстерді тиімсіз жоспарлау, адами ресурстардың мүмкіндіктерінен олар атқаратын жұмыс жүктемесінің ауқымдылығы, мемлекеттік лауазымдардың ұзақ уақыт бос болу жағдайлары аталып өтті.

Бұл мәселенің алдын алу мақсатында қызмет тиімділігіне кері ықпал ететін шектен тыс жұмыс жүктемесін төмендету, қызметтік қажеттілік пен қызметші құқығы арасындағы тепе-теңдікке бағдарланған ұйымдық мәдениетті қалыптастыру, қызметшілердің құқықтарына қатысты заңнаманың мүлтіксіз орындалуын үйлестіру бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.

 

17 июня 2024
МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмыс нәтижелерін қарады

Бүгін Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында әдеп жөніндегі уәкілдердің ағымдағы жұмыс нәтижелері қаралды.

Мемлекеттік органдарда қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет заңнамасы бойынша бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету қызметін әдеп жөніндегі уәкілдер жүргізеді.

Ағымдағы кезеңде әдеп жөніндегі уәкілдер 6500-ден астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсетіп, этикалық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 7300-ге жуық түсіндіру шараларын өткізді.

Сондай-ақ есепті кезеңде әдеп жөніндегі уәкілдерге түскен 166 өтініштер нәтижесімен 66 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысы мемлекеттік қызметшілердің жоғары кәсібилігін қалыптастыруға және олардың іскерлік беделін нығайтуға оң ықпал ететіндігін атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмыстарын жетілдіру бойынша қажетті шаралар кешенін қабылдауды ұсынды.

17 июня 2024
Алаяқтар МҚІА төрағасы атынан жалған хабарламалар таратуда

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі телеграм және ватсапп мессенджерлерінде Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың атынан жалған аккаунттар ашу арқылы хабарламалар таратып жатқан алаяқтар туралы ескертеді.

Белгісіз адамдар қандай да бір деректерге қол жеткізу арқылы алаяқтық әрекеттер жасауға тырысады. Жіберілген жалған ақпаратқа сенбеуіңізді және жауап бермеуіңізді, сенімсіз сілтемелерге өтпеуіңізді сұраймыз.

17 июня 2024
МҚІА және АҚШ-тың Кадрлық қызмет офисі мемлекеттік қызмет саласындағы Меморандумға қол қойды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен Американдық мемлекеттік басқару қоғамының (ASPA) жыл сайынғы конференциясына қатысты.

Конференция аясында Астана мемлекеттік қызмет хабымен ұйымдастырылған мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарды басқару саласындағы цифрлық трансформация тақырыбындағы панельдік сессияға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Корея Республикасы, Түркия елдерінің мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органдарының басшылары қатысты.

Панельдік сессия барысында Дархан Жазықбай Қазақстанда мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру бағытында цифрлық технологияларды енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. МҚІА төрағасы кадрлық бизнес-процестерді толық автоматтандыруды және мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін цифрландыруды көздейтін «e-Qyzmet» жүйесін дамыту жұмыстарына тоқталып, алдағы уақытта жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесі зерделеніп жатқандығына назар аударды.

Вашингтон қаласында жалғасқан жұмыс сапары барысында АҚШ-тың Кадрлық қызмет Офисінің басшылығымен екіжақты кездесу нәтижесінде тараптар мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару бойынша жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару бойынша озық тәжірибе мен ақпарат алмасу, инновацияларды енгізу, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен дағдыларын дамыту, жаңа технологияларды пайдалануға бағытталған және басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу мүмкіндігін көздейді.

14 июня 2024
Мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткерудің кейбір мәселелері туралы

 

Бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру мәселелері туралы айтты.

Агенттік төрағасының орынбасары мемлекеттік қызметтің ағымдағы жағдайына қатысты деректер бойынша мәлімет берді. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің 56% әйелдер, жастардың үлесі – 35,2%, орташа жас – 40,2, сондай-ақ шетелдік ЖОО-ның түлектері – 3 мың адамды құрап отыр.

Агенттікпен мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында өткен жылы «e-Qyzmet» жүйесінде енгізілген мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы бойынша конкурстардың нәтижелері азаматтардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы біршама артқанын көрсетті. Онлайн форматтағы конкурстар бойынша бір лауазымға қатысушы үміткерлердің орташа үлесі 4,6 адамды құрап, 1000-нан аса адам жеңімпаз ретінде танылды. Іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі 22 мемлекеттік органда іске асырылуда және 1 шілдеден бастап ол қосымша 22 мемлекеттік органда енгізіледі.

Мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мақсатында  мамандардың біліктілігі мен салалық тәжірибесіне сәйкес оларды «Б» корпусының жоғары лауазымдарына, ал жоғары оқу орындарының грантпен оқыған үздік түлектері үшін аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілді. Осылайша, жекелеген жоғары лауазымдарға 442 тәжірибелі маман, ал төменгі лауазымдарға 186 жас түлек конкурссыз тағайындалды.

Аймақтарға талантты жастарды тартуға бағытталған Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде. Іріктеуге қатысуға барлығы 11 505 өтінім берілді, құжаттарды зерделеу қорытындысы бойынша заңнаманы білуге тестілеуге – 5 354 адам, жеке қасиеттерін бағалауға – 2 433 адам жіберілді. Құзыреттерді бағалауға 939 адам қатысты. Нақты салалық бағыттар мен қабылданатын резервшілердің саны өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріле отырып, өңірлік кадр комиссияларымен айқындалады.

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің апараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама көтерме жәрдемақылар мен тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алу мүмкіндігін береді. Мәселен, 2023 жылы аталған бағдарлама шеңберінде 240-қа жуық қызметші жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы алды. Қазіргі уақытта Агенттік арнайы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға құқығы бар адамдар қатарына мемлекеттік қызметшілерді қосу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Төрт тоқсан қатарынан неғұрлым жоғары баға алған қызметшілерді ауыстыру тәртібімен келесі жоғары санаттағы лауазымға тікелей тағайындау бойынша енгізілген мүмкіндікке сәйкес былтыр 130 мемлекеттік қызметші лауазымында жоғарылады.

Агенттік мемлекеттік қызметшілердің құзыреттері мен дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударады. Жыл сайын 25,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру және қайта даярлаудан өтеді.

2023 жылы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына сәйкес соңғы 2 жыл бойы  жоғары бағалау нәтижелерін алған қызметшілер үшін өз қалауы бойынша семинарлар тақырыбын және оқыту ұйымын таңдау құқығын беру бойынша түзетулер енгізілді. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер МҚІА жанындағы Үйлестіру кеңесі айқындаған 43 білім беру ұйымдарында да мемлекеттік органның қызмет бейіні бойынша оқудан өте алады.

Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім мен тәжірибе алу мақсатында олардың тағылымдамасы өткізіледі. Қызметшілер мемлекеттік органдармен қатар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік емес сектор кәсіпорындарда да тағылымдамадан өте алады. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша тағылымдамадан 329 қызметші өтті.

Социальные сети
Instagram
Telegram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы