Меню
Страницы
Агенттік туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Аумақтық департаменттер
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
27 февраля 2025
Мемлекет басшысының өкімімен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Сағатұлы Жолманов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры лауазымына тағайындалды.

Азамат Сағатұлы Жолманов «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген. 2019 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар департаментінің сарапшысы лауазымынан бастаған. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми-зерттеу Институтында ғылыми қызметкер, Сектор меңгерушісі, директордың орынбасары, Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби дамыту институты директорының орынбасары, Қарағанды облыстық филиалының директоры, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаментінің директоры лауазымдарын атқарды.

Лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болды.

27 февраля 2025
Мемлекет басшысының өкімімен ҚР МҚІА төрағасының орынбасары тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Әлібек Ғазизұлы Ахмедьяр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Әлібек Ғазизұлы Ахмедьяр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Болашақ халықаралық бағдарламасы бойынша Оңтүстік Калифорния университетінің магистратурасын (құқық магистрі) бітірген. 2019 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын Индустрия және сауда министрлігінде Заң департаментінің сарапшысы қызметінен бастады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, Инвестициялар және даму министрлігінде, Премьер-Министр Кеңсесінде түрлі қызметте еңбек етіп, Сыртқы істер министрлігінде Заң қызметі департаментінің директоры қызметін атқарды.

Лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Аппарат басшысы қызметінде болды.

26 февраля 2025
Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мемлекеттік қызмет істері агенттігі былтыр атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндалды.

Дархан Жазықбай кадрлық үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру, мамандығы мен функционалдық бағыты бойынша біліктілік талаптарына сәйкес әлеуетті кандидаттардың деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін eQyzmet интеграцияланған ақпараттық жүйесін жаппай қолданысқа енгізу нәтижелері туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына электронды жеке істер негізінде басшылық лауазымдарға үміткерлердің рейтингін жасақтауға жол ашатын «Персоналды іріктеу» цифрлық функционалының енгізілу барысы жөнінде айтылды. Үміткерлер жеке және кәсіби дамуын ескеретін цифрлық рейтингті қолдану арқылы іріктеледі.

Президентке мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық қызметін автоматтандыру туралы бұған дейін берген тапсырмасының орындалу нәтижелері таныстырылды. Агенттік төрағасы «Бірыңғай кадр қызметі» ақпараттық жүйесіне 8 мемлекеттік органның 19 ведомстволық бағыныстағы ұйымы қосылғанын айтты. Биыл ақпараттық жүйеге шамамен 500 мыңдай адам жұмыс істейтін 47 мемлекеттік органның 2400-ге жуық ведомстволық бағынысты ұйымын қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке білікті мамандар мен дарынды жастарды тарту, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шаралары туралы есепті тыңдады.

Кездесуде қызмет алушылар құқықтарының сақталуына жүргізілген цифрлық мониторинг нәтижелеріне, адами ресурсты басқару саласындағы озық тәжірибе алмасу және мемлекеттік қызметшілерді шетелде тағылымдамадан өткізу мәселелеріне айрықша мән берілді.

Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге және Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін заманауи HR-құралдарын енгізу маңызды екеніне назар аударды.

дереккөз: akorda.kz

21 февраля 2025
Агенттік төрағасы "Талдау мектебі" тыңдаушыларымен кездесті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қоғамдық жоба "Талдау мектебінің " тыңдаушыларымен кездесті.

Кездесу барысында Д. Жазықбай қатысушыларға Президент тапсырмасына сәйкес бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметті қалыптастыру, дарынды және креативті мамандарды қызметке тартуға қажетті құзыреттерге ие мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі шаралар туралы хабардар етті. Сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген гибридті модель негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, сондай-ақ HR-процестерді жетілдіру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Кездесуге қатысушыларға Мемлекеттік қызметке онлайн іріктеу жүргізуге мүмкіндік беретін "eQyzmet" сыртқы порталының жұмысы көрсетілді. Сондай-ақ жүйеде мемлекеттік қызметшілердің үлкен деректер базасы шоғырланған, ал цифрлық технологияларды қолдану берілген параметрлер бойынша мемлекеттік қызметшілер арасынан қандай да бір лауазымға неғұрлым қолайлы кандидаттарды таңдауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Д. Жазықбай қазіргі әлемдегі мемлекеттік басқарудың танымал теориялары туралы айтты. Атап айтқанда:

- Мемлекеттік басқаруда нарықтық тәсілдерді енгізу арқылы ресурстарды оңтайландыру, қызмет сапасын арттыру және шығындарды азайтуға бағытталған «Жаңа мемлекеттік басқару» (New Public Management);

- Азаматтардың қатысуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты азайтатын әділ, тұрақты және ашық басқару жүйесін құруға негізделген «Тиімді басқару» (GOOD GOVERNANCE);

- Қазіргі заманғы сын-қатерлерді шешу үшін бюрократиялық дәстүрдің тұрақтылығын икемділік пен инновациялармен үйлестіретін тұрақты, ашық және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құруды көздейтін «Жаңа Вебершілдік» (NEO-WEBERIAN STATE);

- Ресурстарды сақтап, қоғамның ағымдағы және болашақ қажеттіліктері арасындағы әділдік пен үйлесімділікке негізделе отырып, ұзақ мерзімді перспективада қоғамдық жағдайды жақсартатын басқару жүйесін құруға бағытталған «Қамқоршылдық» (STEWARDSHIP) және өзге де теорияларға тоқталды.

Агенттік Төрағасы мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдерімен және азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құру маңыздылығын атап өтті. "Талдау мектебінің" тыңдаушыларына мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіру бойынша медиа-орталықтың жұмысы көрсетілді.

Жиындағы нетворкинг пен ашық талқылау, қызықты идеялармен алмасу, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту мәселелері жиналғандардың назарын аударып, жұмысты одан әрі жақсартуды талап ететін аспектілерді талқылауды көздейтін айрықша форматтың арқасында іс-шараға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын білдірді.

17 февраля 2025
Үздіксіз білім дамудың кепілі - әкімдердің біліктілігін арттыру басталды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылды.

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің лауазымды адамдары, «AMANAT» партиясының және еліміздің өзге де саяси партияларының өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары, сондай-ақ өңірлерден аудан және ауыл әкімдері онлайн қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың талабына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесі іске қосылып, барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын айта келе, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің біліктілігін арттыруды Үкімет пен Агенттікке тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары Қ. Бозымбаев бағдарлама әкімдерді ауыл экономикасының дамуына әсер ететін негізгі факторларды айқындауды және әкімдер өз ауылдарының экономикалық бағыттарын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйрететінін айтты.

Бұл ретте, Агенттік төрағасы Д. Жазықбай Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында әкімдерді оқытудың тиімділігіне ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар,  Д.Жазықбай «Cаяси партиялар Ауыл әкімдерін сайлау кезінде өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына назар аударғаны жөн. «Адал Азамат» идеалдарына сай, шынайы мақсатта ел игілігіне әділ қызмет етуді көздейтін адамдардың жұмысынан қашанда  оң нәтиже күтуге болады», - деді.   

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламасын әзірлеу мәселесіне тоқталды. «Бағдарлама келешекте тәжірибе алмасу мен үздік әдіс-тәсілдерді енгізу алаңына айналады», – деді Дәулет Кәрібек.

Өз кезегінде әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі.

Атап айтқанда:

- жергілікті бюджетті тиімді пайдалану;

- мемлекеттік сатып алулар мен салықтар;

- коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау;

- кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту;

- мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану;

- қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді.

Бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды. Бұдан өзге, жұмыс барысында ең көп жол берілетін кемшіліктерді ескере отырып, практикалық кейстер және оларды тиімді шешу жолдары қаралатын болады.

Оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайды.

Жиын барысында, әлемде цифрландыру мен  технологияның қарқынды дамуына сәйкес елімізде өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру үшін білікті менеджерлерді қалыптастырудың маңыздылығын ескере отырып, әкімдердің біліктілігін арттыру барысында теориялық әрі практикалық тәсілдерді қолдану қажеттігі айтылды.

Бағдарлама Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы филиалдары арқылы жүзеге асырылады.

31 января 2025
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2024 жылдың жұмысын қорытындылады

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев, Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, Парламент депутаттары, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабы, қоғамдық ұйым өкілдері, Агенттік жанындағы алқалы органдардың мүшелері қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша алға қойған міндеттердің сервистік және адамға бағдарланған қағидаттары негізінде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Өткен жылы Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік қызметті жетілдіруге байланысты «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға 7 заңмен өзгерістер енгізіліп, 26 нормативтік құқықтық акті қабылданды.

Мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, тиімді HR-құралдарын енгізу, мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін нығайтуды көздейтін Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес Агенттік «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң жобасын әзірледі. Жаңа Заң мемлекеттік қызметтегі еңбек қатынастарымен қатар қоғам мен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа парадигмасын реттейді. Сондай-ақ іріктеу жүйесін жаңғырту, ерте кәсіби бағдарлау механизмдерін енгізу, горизонталды өсу мүмкіндіктерін қарастыру, қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту мәселелерін қайта қарау көзделген. Заң жобасы аясында 70-ке жуық заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер жаңа редакцияда әзірленеді.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Агенттіктің келісімі бойынша жеке және квазимемлекеттік сектордан 184 маман басшы лауазымдарға тікелей тағайындалды. Соңғы екі жылда жоғары оқу орындарын үздік бітірген 445 түлек конкурс өткізілместен аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға жұмысқа орналастырылды. «Бұл білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға және шалғай өңірлердегі кадр тапшылығын шешуге оң ықпалын тигізуде», - деді Агенттік төрағасы.

Мемлекеттік қызметтегі онлайн іріктеу жүйесі жоғары тиімділікті көрсетті. Автоматтандырылған «eQyzmet» 68 мемлекеттік органда сәтті іске асырылып, биыл қалған 26 мемлекеттік органдарға енгізу аяқталады. Бір бос орынға жарияланған конкурсқа үміткерлер дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда орта есеппен бір жарым есеге артты.

Агенттік Мемлекет басшысының бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр қызметін толық автоматтандыру бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында Бірыңғай кадр жүйесіне 37 мемлекеттік органның 500 мыңнан астам адам қызмет атқаратын 2400-ге жуық ведомстволық ұйымдарды қосу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бірінші кезеңде 8 мемлекеттік органның 19 ұйымы қосылды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді цифрландыру аясында «eQyzmet» жүйесінде цифрлық рейтинг модулі іске қосылғанын айтты. Модуль электрондық жеке істердің деректері негізінде саяси және «А» корпусы лауазымдарына жоғары тәжірибесі мен біліктілігі бар әлеуетті үміткерлердің тізбесін жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Агенттік төрағасы, 2024 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 150 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын, оның 37% қашықтықтан жүргізілген мониторинг арқылы белгілі болғанын айтты. Бұл тәжірибе мемлекеттік органдардың жауапкершіліктерін арттырып, проактивті жұмыс істеуге өз септігін тигізеді.

Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстары нәтижесінде 2024 жылы төтенше жағдайлар, энергетика, су ресурстары және ирригация салалары бойынша әзірленген 260 ұсыныс Үкімет Аппаратының қарауына енгізілді.

Агенттік бастамасымен мемлекеттік қызмет саласындағы бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпаушылық принципін дәйекті түрде жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік органға ауысуына қарамастан, бұрынғы лауазымда жасаған теріс қылықтары үшін жауаптылықтан босатылмайды. Дегенмен, бақылау шаралары тек заң бұзушылықтың салдарын анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға бағытталуы қажет  екендігі айтылды.

Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет пен оған қажетті құзыреттіліктерге ие мемлекеттік қызметшілерді даярлау маңыздылығын ескере отырып, Біріккен Араб Әмірлігінде 32 қызметші оқытудан, Түркия Республикасында 35 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті. Агенттік пен АҚШ-тың Кадрлық қызмет офисінің меморандумы аясында 57 қазақстандық төтенше жағдайлар мен жергілікті табиғи ресурстарды қорғау саласының басшылық құрамы үшін дағдарысты басқару бойынша онлайн оқу семинары өтті.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының ауыл және аудан әкімдерінің біліктілігін арттыру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында озық тәжірибелерді ескере отырып, бұл міндетті сапалы орындау тәсілдерін пысықтау қажеттілігіне тоқталды.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Дархан Жазықбай Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелері басшылары алдында халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттерді сапалы іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

31 января 2025
МҚІА мемлекеттік қызметшілердің цифрлық рейтингін енгізді

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр қызметін автоматтандыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау аясында Бірыңғай кадр жүйесіне 8 мемлекеттік органның 19 ведомстволық ұйымы енгізілгенін атап өтті.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған жүйеге 37 мемлекеттік органның 2400-ге жуық ведомствоға қарасты ұйымдарын қосу бойынша жұмыс жүргізілуде, онда 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бірыңғай кадр жүйесіне қосылуы тиіс 663 ұйыммен алғашқы отырыстар және оқытудың бірінші кезеңі өткізіліп, жүйені кеңінен таратудың екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді цифрландыру аясында «eQyzmet» жүйесінде цифрлық рейтинг модулі іске қосылғанын айтты. Модуль электрондық жеке істердің деректері негізінде саяси және «А» корпусы лауазымдарына жоғары біліктілігі мен тәжірибесі бар әлеуетті үміткерлердің тізбесін жасауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарға қарасты ұйым басшыларының жеке істерін «eQyzmet» жүйесінде қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл басқарушылық лауазымдарға мемлекеттік қызметшілермен қатар өзге де квазимемлекеттік және жеке сектордың кәсіби мамандарын тартуды көздейді.

Қолданыстағы заңнамамен бекітілген шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету үшін Агенттікпен аталған модульдің негізінде қажетті аналитикалық және ақпараттық деректер жинақталады.

Жалпы өткен жылы «eQyzmet» ақпараттық жүйесінің функционалы едәуір кеңейтіліп, оның мобильді қосымшасы іске қосылды. Қажетті жүйелермен интеграциялар жүргізілді және әртүрлі базалардан ақпарат алу бойынша қызметтер пысықталды. Сондай-ақ «QazTech» мемлекеттік платформасының цифрлық шешімдерін қолдану арқылы Бірыңғай кадр жүйесінің жаңа архитектурасын құру жоспарлануда. Ол одан әрі микросервистік архитектураны пайдалана отырып, «eQyzmet» жүйесімен біріктіріледі.

Мемлекеттік қызметке енгізілген онлайн іріктеу жүйесі жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Автоматтандырылған «eQyzmet» іріктеу жүйесі 68 мемлекеттік органда сәтті қосылып, ағымдағы жылы қалған 26 мемлекеттік органға енгізу аяқталады. Бір бос орынға жарияланған конкурсқа үміткерлер дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда бір жарым есеге артып, конкурстардың ашықтығы мен әділдігі қамтамасыз етілді.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке іріктеу кезеңдеріне Қазақстанда әзірленген KazLLM базасында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану жоспарлануда.

31 января 2025
2000-ға жуық қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай 2024 жылдың қызмет қорытындысы бойынша алқа отырысында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау нәтижелері туралы айта келе, Агенттік бастамасымен қызмет берушілердің тиісті ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу арқылы бұзушылықтарды анықтауға және азаматтардың шағымдарын күтпей-ақ олардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған қашықтықтан мониторинг жүргізу тәжірибесіне тоқталды.

2024 жылы бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 150 мыңнан астам бұзушылық анықталды, оның 37% қашықтықтан мониторинг аясында белгілі болды. Анықталған бұзушылықтардың 61,3% немесе 92 мың факті қызмет көрсету тәртібін бұзумен байланысты болып отыр. Бұзушылықтар бойынша қызмет беруші 1600-ден астам адам тәртіптік жауапкершілікке, 458 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 40,7 млн. теңге өндірілді. Бақылау шаралары нәтижесінде 1918 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, оның 837 немесе 44% қашықтықтан мониторинг арқылы қалпына келтірілді.

Мәселен, 325 адамға жер учаскелері беріліп, 143 учаскенің нысаналы мақсаты өзгертілді және 284 сәулет-жоспарлау тапсырмасы түзетілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласындағы өндірушілерге 749 млн. теңге, жолаушылар тасымалымен айналысатын тиісті қызмет алушыларға 800 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінді және осы сияқты басқа салаларда тиісті қызметтер көрсетілді.

Азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі қашықтықтан проактивті мониторингтің тиімділігін ескере отырып, заңнамалық өзгерістерге сәйкес қызмет берушілердің 48 ақпараттық жүйесіне қол жеткізілді.

Сондай-ақ Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және оны азаматтар үшін барынша қолайлы ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде. Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудің 17 бағыты бойынша ауқымды талдау іске асырылды. Талдау нәтижесімен берілген ұсыныстар негізінде 24 ведомстволық жоспар бекітіліп, 492 нақты іс-шара қабылданды. Аталған жоспарларда қызметті проактивті көрсету, жекелеген қызметтерді электрондық форматқа көшіру, қызмет көрсетудің мерзімдері мен құжаттарын қысқарту, композиттік, экстерриториалдық және өзге де қызмет көрсету шаралары қамтылған.

Бұдан бөлек, Агенттік әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары және мүліктік құқықтар салаларында бұрын «жасырын» болып келген 20 қызметті анықтап, оларды Реестрге енгізді.

31 января 2025
Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер БАӘ, Еуропа және Түркияда өз құзыреттерін арттыра алады

Қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің Біріккен Араб Әмірліктерінде, Еуропада, Түркияда, Әзірбайжанда және басқа елдерде біліктілікті арттыру аясында тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер жасалды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуында шешуші рөл атқаратын жүйелі мәселелер қатарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру қажеттілігін атап өткенін айтты.

Агенттік бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет пен оған қажетті құзыреттіліктерге ие мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруда. Бұл бағытта озық біліммен алмасу мақсатында шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнауда.

Түркия Президентінің жанындағы HR офисімен тәжірибе алмасу мәселелері бойынша келісім аясында еліміздің 14 өңірінен 35 мемлекеттік қызметші Түркия Республикасында тағылымдамадан өтті. Аталған ынтымақтастыққа сәйкес Ыстамбұл техникалық университетінде (ITU) «Адам ресурстарын басқару» магистрлік бағдарламасы бойынша қазақстандық мемлекеттік қызметшілері  үшін жыл сайын 2 квота көлемінде оқу мүмкіндігі берілді.

Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің, Еуропаның, Әзербайжанның алдыңғы қатарлы оқу орындарында жалпы 5 тағылымдама бағдарламасы ұйымдастырылып, оған 110 магистрант және 12 докторант қатысты.

Биыл АҚШ-тың Атқарушы биліктің федералды институтымен төтенше жағдайлар саласындағы қазақстандық мемлекеттік қызметшілер үшін дағдарысты басқару бойынша онлайн оқу семинары өткізілді.

Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік қызметшілер үшін «Болашақ» халықаралық стипендиасы бойынша магистратурада оқу мүмкіндігі ашылды. Агенттік өкілдері тәуелсіз сараптамалық комиссия құрамына ене отырып, үміткерлерді іріктеу кезінде мемлекеттік аппараттың қажеттіліктеріне қарай кадрлық жоспарлауды қамтамасыз етеді.

Дархан Жазықбай Агенттік мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы озық әлемдік тәжірибені зерделей отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыратынын айтты. Ол Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы нәтижеге бағытталған ғылыми-зерттеулер компонентін күшейтуге, құзыреттерді дамытуға арналған оқу бағдарламаларын іске асыруға ерекше назар аудару қажет екендігін атап өтті.

31 января 2025
Мемлекеттік қызметшілердің ант беру мәтіні жетілдіріледі

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді. Ол алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің ант беру мәтінін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.

«Мемлекеттік қызметшілердің антқа адал болуы негізгі құндылыққа айналуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғам алдындағы жеке міндеттеме мен жауапкершіліктің көрінісі. Ол қоғамға қызмет ету, ел мүдделерін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді», - деді Агенттік төрағасы.

Алқа отырысында мемлекеттік қызмет саласын бақылау жұмысында алдын алу шараларына, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға баса назар аударылатыны айтылды.

2024 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына байланысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде 15 мыңнан аса бұзушылық анықталды. Заңсыз қабылданған 100-ге жуық акті мен шешімнің күші жойылып, 760 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Агенттік бастамасымен жазаның бұлтартпаушылық принципін дәйекті түрде жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің басқа мемлекеттік органға ауысуына қарамастан, бұрынғы лауазымда жасаған теріс қылықтар үшін жауаптылықтан босатылмайды.

Дархан Жазықбай бақылау шараларының тек заң бұзушылықтың салдарын анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға бағытталуының маңыздылығын айтты. Ол Әдеп жөніндегі комиссия тәртіптік істерді қараумен қатар профилактикалық және талдауға басымдылық берілу қажеттілігіне тоқталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша Аппарат басшыларының есебін тыңдау тәжірибесін енгізу керектігін айтты.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режимі сақталуын қамтамасыз етудегі Агенттік жүргізген мониторинг шараларының тиімділігі айтылды. Өткен жылы қосымша тынығу сағаттарын беру, тиісті өтемақы төлеу, икемді жұмыс уақыты режимін белгілеу арқылы 3 385 мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қорғалды. Аталған жұмыс тәжірибесін ескере отырып, осы саладағы жұмысты жүзеге асыру кезінде ақпараттық жүйелер арқылы қашықтан бақылауды күшейтуді назарға алу қажеттілігі айтылды.

Мемлекеттік қызметшілер арасында заңнамалардың бұзылуын алдын алуда Әдеп жөніндегі уәкілдер институты маңызды рөл атқарады. 2024 жылы Агенттік үйлестіруімен Әдеп жөніндегі уәкілдер 26 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге консультативтік көмек көрсетті.

Социальные сети
Instagram
Telegram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты