«Таза парақтан» реттеу жаңа саясатын жүзеге асыру аясында тәуекелдерді бағалау жүйесін автоматтандырудың енгізілуіне орай, «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесімен 2024 жылы мемлекеттік бақылауға жататын жоғары оқу орындарының тізімі қалыптасты (https://rchl.govtec.kz/ru/plan.).
Комитет тарапынан 2024 жылғы 06 - 14 маусым аралығында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (Орал қ.) біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізілді. Нәтижесінде Университеттің білім беру қызметі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын бұзушылықтармен жүргізіліп жатқаны анықталды. Оның ішінде: білім беру бағдарламаларының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес келмеуі; бірқатар пәндердің оқыту тіліне қарай оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеуі; білім алушылардың тамақтануына жағдай жасалуына талаптардың сақталмауы және т.б.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы Нұсқама беріліп, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 464-бабының 1-бөлігінде көзделген негіздер бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы шешім қабылданды. Лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі аяқталғаннан кейін Комитет тарапынан Нұсқаманың орындалуына бақылау жүргізілетін болады.