
2026 жылғы 11 наурызда Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті базасында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары А.Ж. Еділханов Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының өкілдерімен семинар өткізді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы» бұйрығына енгізілетін өзгерістер талқыланды.
Талқылауға университет атынан Басқарма мүшелері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты. Семинар барысында магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілерді тағайындау, базалық білімнің және ғылыми дәреженің оқытылатын пәндердің бейініне сәйкестігі, инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру және басқа да мәселелер қарастырылды.
Сондай-ақ бұрын алынған білім мен біліктіліктердің, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтардың өзара сәйкестігін айқындайтын кестені әзірлеу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.