ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары Әскери ант қабылдады

ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары Әскери ант қабылдады

2023 жылғы 27 мамырда Астана қ., «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің «Айбын» Президенттік полкі» көктемгі шақырылым жас сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі болды.

Әскери ант қабылдау рәсімі – ең маңызды жауынгерлік дәстүрлердің бірі. Ант қабылдаған сарбаздар өзіне Отанын қорғауға, әскери қызмет міндеттерін мінсіз атқаруға, әскери істі ынталы меңгеруге, сеніп тапсырылған қару мен техниканы дұрыс пайдалануға және сақтауға міндеттеме алады.

Жаңа шақырылым сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсіміне еліміздің барлық аймақтарынан арнайы келген ата-аналары мен жақындары қатысты. Ата-аналар атынан сөз алған сарбаздың әкесі жастарға өз халқының адал ұлы ретінде Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаруды тіледі.

 Салтанатты рәсімге ҚР МКҚ бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысы генерал-майор А.Ж.Омарбеков бастаған офицерлік құрам өкілдері қатысты. Ол жас сарбаздарға намысты және жігерлі болуды, әскери қызмет міндеттерін абыройлы атқаруды тіледі.

Әскери ант қабылдаған соң жауынгерлер Қазақстан Республикасы Президенті мен шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін мемлекеттік протоколдық іс-шаралардың рәсімдік бөлігін атқару секілді  маңызды міндеттер атқаруға кіріседі.

Маңыздысы, қазіргі уақытта ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде шақырылым бойынша әскери қызметшілерді оқыту бағдарламасы қайта қаралған. Әскери бөлімдерде мерзімді қызмет атқару барысында тәжірибелі командирлік-нұсқаушылық құрамның басшылығымен сарбаздар жауынгерлік оқыту мен үйлестіруден өтеді, оның ішінде заманауи далалық оқу орталығындағы сабақтар да қамтылған.

Жауынгерлік және арнаулы даярлық бағдарламасына қоса, сарбаздарды әскери саладағы болашағы бар, сұранысқа ие мамандықтарға баулу да жоспарланған.

2023 жылғы күзгі шақырылымнан бастап, ҚР МКҚ қатарындағы мерзімді әскери қызметке шақырылатын жастар саны ұлғаятынын айта кету керек. Күзгі шақырылым сарбаздары азаматтық борышын Астана және Алматы қалаларында атқаратын болады.

ҚР МКҚ қатарындағы мерзімді әскери қызметке Қазақстан Республикасының мына талаптарға сай келетін: жасы 18 бен 27 арасындағы, бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден артық емес, білімі жалпы орта, орта арнаулы, жоғары және денсаулық жағдайы жақсы кез келген жас азаматы қабылданады.

Мерзімді әскери қызметті аяқтаған әскери қызметшілердің ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде келісімшарт бойынша әскери қызметке қалуға және болашақта одан әрі жоғарылауына мүмкіндігі бар.

Мерзімді әскери қызметті ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас азамат үшін мықты ерлік мектебі болады, ол мұнда өзінің өмірлік жолына қажетті маңызды дағдыларға үйренеді.