ҚР МКҚ сарбаздары Әскери ант қабылдады

ҚР МКҚ сарбаздары Әскери ант қабылдады

2022 жылғы 28 мамырда Нұр-Сұлтан қ., «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі көктемгі шақырылым жас сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі болды.

Пандемиядан кейін бірінші рет әскери құрылымның салтанатына жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Олар жақында жас сарбаз курсынан өткен, әскери қызметші атанған балаларының Әскери ант қабылдап, Отан қорғау секілді биік жауапкершілік алатынына куә болды.

Жас сарбаздарды Әскери ант қабылдауларымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Бастығының орынбасары - Айрықша мақсаттағы күштер Қолбасшысы полковник Айтқұрман Омарбеков құттықтап, антқа адал болуға, әскери қызмет міндеттерін абыроймен атқаруға шақырды.

Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталған соң құрмет қарауылы бөлімшесінің жеке құрамы саптық қойылым көрсетіп, арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс үлгілерін ұсынды, ал Президенттік оркестр ұжымы патриоттық әндер орындады.

Салтанатты іс-шарадан соң жас сарбаздарға ата-аналарымен қалаға шығуға мүмкіндік берілді.