Жоғары жылдамдықпен жүру - жол-көлік апаттарының негізгі себебі

Жоғары жылдамдықпен жүру - жол-көлік апаттарының негізгі себебі

Өлімге әкелетін жол апаттары көбінесе қала маңындағы жолдарда болады. Апаттың негізгі себебі – жоғары жылдамдық. Мұндай деректерді Орталық коммуникациялар қызметінде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне арналған брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

«Ауыр зардаптары бар жол-көлік апаттары қала маңындағы трассаларда орын алуда, бұл жылдамдықпен тікелей байланысты. Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, жол апаттарының салдары соғұрлым ауыр болады. Өңірлерге келетін болсақ, бұл Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстары. Дәл осы өңірлерде адам шығыны жиі орын алады», - деді Қайсар Сұлтанбаев.

ІІМ статистикасы бойынша, 2024 жылдың басынан бері еліміздің жолдарында 500-ден астам адам көз жұмды.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев жаяу жүргіншілердің тәртіпті бұзатынына және елді мекендерде олардың қатысуымен болған апаттардың көптігіне назар аударды.

«Статистика бойынша жол-көлік оқиғаларының 84%-ы елді мекендерде болады. Өлімнің төрттен бірі жаяу жүргіншілерді соғып кетумен байланысты. Апаттардың басым бөлігі олардың кінәсінен орын алады. Соңғы уақытта 145 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», - деді ІІМ өкілі.

ortcom.kz