Қостанай облысында 3 мыңнан астам отбасылық жанжалқор жауапқа тартылды

Қостанай облысында 3 мыңнан астам отбасылық жанжалқор жауапқа тартылды

Қостанай облысында өткен жылы 3 мыңнан астам отбасылық жанжалқор әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қостанай облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен маңызды мәселелер – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол қауіпсіздігінің алдын алудағы мүдделі органдардың өзара іс-қимылы талқыланды.

Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков Facebook желісінде атап өткендей, жағдайды өзгерту бойынша ұсынылған шаралар атқарушы билік тарапынан қолдау тапты. Кеңеске облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері қатысты.

Полицейдің айтуынша, өткен жылы өңірде отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың 10%-дан астам өсімі тіркелген. Шын мәнінде, ай сайын осындай 6-8 қылмыс болған. Мұндай жағдайлардың көпшілігі облыс орталығында орын алған (52 жағдай). Өткен жылы 3 мыңнан астам отбасылық жанжалқор әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Олардың 700-і жәбірленушілердің денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірген немесе ұрып-соққандар. Мұндай құқық бұзушылықтардың себептерінің арасында алкогольді тұтыну жиі кездеседі. Маскүнемдерді наркологиялық тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеудің 185 төсек-орынға арналған жалғыз бөлімшесі бүгінгі күні облыстың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етпейді. Бұл ұйымның қуаты кем дегенде 250 орынға шақталу керек.

Сонымен қатар медициналық емдеу әдістемесі мен хаттамаларын тиімдірек етіп өзгерту қажет.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, агрессорлармен де жұмысты бастау қажет. Бұл мәселеде бізбен ынтымақтасатын түрлі үкіметтік емес ұйымдарда осындай тәжірибе бар, – деп есептейді Ерлан Омарбеков.

Жол қауіпсіздігіне келетін болсақ, жол-көлік оқиғаларының негізгі факторлары жол белгілерінің жетіспеушілігі, белгілердің болмауы және жолдардың дұрыс тазаланбауы болып табылады. Осы мәселелердің барлығы қалалар мен аудан әкімдерінің қатысуымен шешілуі тиіс.

Жиналыста мәселелерді мұқият талдап, жағдайды шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет екендігі атап өтілді. Қостанай облысының әкімі ведомствоаралық комиссияның қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берді.