Алматыда лаңкестікке қарсы антитеррорлық іс-шара режимі тоқтатылды

Алматыда лаңкестікке қарсы антитеррорлық іс-шара режимі тоқтатылды

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штаб Алматыдағы жағдайдың тұрақтанғаны туралы хабарлайды.

Қала аумағында қабылданған қаулыға сәйкес, 2022 жылғы 26 қаңтарда сағат 00:00-ден бастап лаңкестікке қарсы антитеррорлық іс-шара режимі тоқтатылып, лаңкестік қауіптіліктің “қызыл” деңгейі жойылады.

Сол уақыттан бастап лаңкестік қауіптіліктің жоғары “қызғылт сары” деңгейі белгіленеді.

Арнайы және құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыруда.

Террорлық қауіптің қазіргі деңгейінде құқық қорғау органдарына қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында көлік құралдарын тінтуге рұқсат етілген.

Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытып, олардың заңды талаптарын бұлжытпай орындауыңызды сұраймыз.