Маңғыстаулық полицейлер жыл басынан бері 4 тоннадан астам балық тәркіледі

Маңғыстаулық полицейлер жыл басынан бері 4 тоннадан астам балық тәркіледі

Маңғыстау облыстық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтаудың шағын аудандарының бірінде Lada Priora көлігін тоқтатты. Автокөліктің жолаушылар отыратын орнынан табылған көк полиэтиленді пакеттерде патрульдер бекіре балығын тапты.

– Тінту жүргізу барысында алты дана көк түсті полиэтиленді пакеттің барлығы, оның ішінде 52 дана жалпы салмағы 215 килограмм болатын бекіре тұқымдас балықтар тәркіленіп алынды. Орын алған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, – деді Маңғыстау облысы КПБ аға жедел уәкілі Елмұрат Сариев.

Тәркіленген барлық балық “Бекіре “Қазақ ғылыми-өндірістік кәсіпорны” ЖШС-не берілді.

Жарты жыл ішінде Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің бөліктерін пайдаланудың 33 фактісін анықтады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12-ге көп. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жыл бойы аулауға тыйым салынған төрт тоннадан астам балықты тәркіледі. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген балық та бар.

Polisia.kz