
Бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің төрағалығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасы бойынша жария онлайн-тыңдау өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап, оны бейімді емес функциялардан босатуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасы бойынша ішкі істер органдарының қызметіне функционалдық талдау жүргізіліп, сондай-ақ бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Мәселен, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкестігі мақсатында 2023 жылға қарай сотталғандарды медициналық қамтамасыз етудің барлық функциялары ҚР денсаулық сақтау министрлігіне берілетін болады.
«Бұл шара сотталғандарға тексеру, диагностика және емдеудің заманауи әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мекеме әкімшілігінің аштық жариялауды тіркеу немесе дене жарақатын салу туралы шешім қабылдаған кезде медицина қызметкерлерінің қызметіне араласу ықтималдығы алынып тасталады», - деді Калайчиди.
Сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл функция жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады, өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімдіктер осы көмекті көрсетеді.