
ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру органдарымен бірлесіп мектептерді толық зерттеп-қарауды жүргізуде. Ішкі істер министрі осы тексерулердің алғашқы нәтижелері туралы Үкімет отырысында айтып берді.
Ерлан Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда қазірдің өзінде төмендегідей кемшіліктер анықталған:
– 3 384 мектепте (жалпы санының 45,5%-ы) бейнебақылау жүйесі белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді;
– 5 072 мектеп (жалпы санының 68,2%-ы) – жедел дабыл қағу жүйелерімен жарақтандырылмаған (сөйлеу, дыбыс, жарық);
– 6 832 мектеп (жалпы санының 92%-ы) “дабыл түймелерімен” жабдықталмаған;
– 7 095 мектепте (жалпы санының 95%-ы) – бақылау және қол жетімді басқару жүйелері жоқ (БжҚБЖ);
– 7 107 мектепте (жалпы санының 96%-ы) – турникеттер орнатылмаған
– 7 349 мектепте (жалпы санының 99%-ы) – металл іздегіштер жоқ.
Елдегі 7 440 мектептің тек қана 434-і (немесе 6%) күзет ұйымдарымен шарт жасасқан.
ІІМ басшысы өз сөзінде ҚР Үкіметі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айының басында террористік тұрғыдан осал объектілерге терроризмге қарсы қорғаудың жаңа талаптарын бекіткенін атап өтті.
Бұдан басқа, білім беру ұйымдарына алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі әзірленді. Бұл – қару-жарақ, пышақтар, кастеттер, жарылғыш құрылғылардың имитаторлары, аэрозольдық бояулар, пиротехникалық құралдар және газ баллондары.
Мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдарына қосымша біліктілік талаптары енгізіледі.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында ІІМ басшысы Үкіметтің қарауына жеті ұсыныс енгізді, оларды іске асыру балаларды тиімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.