Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарды “102” қосымшасын пайдалануға шақырды

Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарды “102” қосымшасын пайдалануға шақырды

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев қазақстандықтарды “102” қосымшасын пайдалануға шақырды.

ІІМ бүгін халыққа ыңғайлы жаңа сервис – “102” мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Министр өз жазбасында 2019 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазды. 2020 жылдың қыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында полиция реформасы бойынша нақты міндеттер қойып, “елдегі қазіргі жағдай құқық қорғау органдарына жаңа талаптар қояды, олар азаматтардың сұраныстарына жауап беруі тиіс” деп атап өтті.

– Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру. Бүгін “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру аясында біз ресми түрде халыққа ыңғайлы жаңа сервис – “102” мобильді қосымшасын іске қосамыз. Ақпараттық технологиялардың қазіргі даму деңгейінде кез-келген ақпарат найзағайдың жылдамдығындай тез таралады. Біз полицияның азаматтардың хабарламаларына ден қоюы да осындай тез болғанын қалаймыз, – делінген Ерлан Тұрғымбаевтың хабарламасында.

Күнделікті Жедел басқару орталықтарының операторлары республика бойынша “102” арнасына келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаға жауап береді.

Сонымен бірге, болған оқиға туралы ақпарат полицияға емес, әлеуметтік желілерге жіберілетін жағдайлар да кездеседі. Әдетте, әртүрлі оқиғалардың куәгерлері фотосуреттерді немесе видеоларды өз парақшаларына салады немесе танымал пабликтерге жібереді.

Бұл оқиғаларды біздің мамандар әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтайды. Бұл ретте полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмысты “ізін суытпай” ашу үшін пайдалануға қажет болатын қымбат уақытты жоғалады.

ІІМ басшысы бұл қосымша полиция қызметкерлерінің оқиғалар мен азаматтардың хабарламаларына жедел ден қою мақсатында жасалғанын атап өтті.

Министр сондай-ақ мобильді қосымшаны пайдаланудың артықшылықтары туралы айтты. Бұл – оқиғалар туралы қысқа хабарламалар мен фото, видеолар жіберу мүмкіндігі. Сондай-ақ, оқиға орнынан тікелей бейне қоңырау шалуға болады, бұл ЖБО операторына не болып жатқанын көруге және дереу тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

“102” мобильдік қосымшасы арқылы азаматтар:

▪ полицияға құқық бұзушылық туралы – Жол қозғалысы ережелерін бұзу, ЖКО, отбасылық жанжалдар, балаларға немесе жануарларға қатыгездікпен қарау жағдайлары, бұзақылық әрекеттер, төбелес, тыныштық режимін бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру және басқа да көптеген хабарламалар жібере алады;

▪ ішкі істер органдарына өтініш бере алады;

▪ оператормен аудио және бейне-қоңырау жолымен байланысады, бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері автоматты түрде анықталады, оператор болып жатқан жағдайды көре алады және шұғыл ден қою шараларын қабылдай алады;

▪ полиция қызметкері тарапынан сыбайлас жемқорлық, бопсалау фактісіне тап болсаңыз, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік қызметіне жүгіне аласыз.

Ведомство басшысы қосымшаның көмегімен және азаматтардың белсенділігінің арқасында полицияның жедел әрекет етуі, қылмыстарды ашу кезіндегі тиімділік артатынын, сондай-ақ көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға және болдырмауға болатынын атап өтті.

– Егер өзіңіздің немесе өзгенің қауіпсіздігіне немесе өміріне қауіп төніп тұр деп ойласаңыз, мас адамның рөлге отырғанын көрсеңіз, зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, жануарларға қатыгездік жасалып жатқанын көрсеңіз, күдікті адамды байқасаңыз, дереу хабарлаңыз. Тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана біз құқық бұзушылыққа төзбейтін және қауіпсіз қоғам құрамыз, – деді еліміздің бас полицейі.

Жаңа ыңғайлы сервис азаматтарға 1 ақпаннан бастап қолжетімді. Қосымшаны Android жүйесіндегі смартфондарға арналған Play Market-тен және IOS жүйесіндегі смартфондарға арналған App Store-дан жүктеуге болады.