ІІМ жыл қорытындысын шығарып, басым бағыттарды анықтады

ІІМ жыл қорытындысын шығарып, басым бағыттарды анықтады

 

ІІМ жыл қорытындысын шығарып, басым бағыттарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінде ведомствоның кеңейтілген алқасы өтті, онда ішкі істер органдарының бір жылдағы жұмысының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.

Алқа отырысында полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері елдегі қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз еткендігі атап өтілді.

Қылмыстардың саны үштен бірге, қоғамдық орындардағы қылмыстық құқық бұзушылықтар, сондай-ақ тонау, қарақшылық, бұзақылық, ұрлық екі есеге қысқарды. Бұрын сотталғандар, кәмелетке толмағандар жасаған және мас күйінде жасалған қылмыстардың, сондай-ақ кісі өлтірудің саны айтарлықтай азайды. Көптеген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарды. Есірткі қылмыстары көбірек анықталды.

Сонымен қатар, пандемия кезінде онлайн-қызметтердің көбеюіне байланысты интернет-алаяқтықтың өсуі байқалды. Осыған байланысты мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама әзірленді. Министр Киберқылмыспен күрес орталығының құрылымында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тобын және әрбір өңірде арнайы жедел-тергеу топтарын құруды тапсырды. Ол топтарда IT саласының білікті мамандары болуы керек.

2020 жылы Ішкі істер министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шаралар кешенін іске асырды: мониторингтік топтардың, санитариялық және блок-бекеттердің жұмысы, карантиндік аймақтарды қорғау, дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың жолын кесу қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, Алқа отырысында жол қауіпсіздігінің жағдайы жақсарғаны атап өтілді. ЖКО саны 19 %-ға, қаза тапқандар саны 17 %-ға және зардап шеккендердің саны 20 %-ға азайған.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тәртіп қамтамасыз етілген. Пенитенциарлық жұмыста басты назар сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге және олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге аударылды. Қазір жазасын өтеп жатқан адамдардың 48 %-ы жұмыспен қамтылған, ведомство басшысы комитетке мемлекеттік – жеке меншік әріптестік арқылы ҚАЖ мекемелерінің аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындар салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Мемлекеттік қызмет көрсетуді электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Бүгінгі күні ішкі істер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің 95 %-ы автоматтандырылған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «полиция ашық болуы тиіс және оған қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс, ал тиімділіктің басты критерийі – халықтың сенімі» екеніне назар аударды.

Қоғамдық пікірдің тәуелсіз мониторингі 2020 жылы ішкі істер органдарының қызметі ашық бола түскенін айғақтайды.

Полиция қызметі әрі қарай да халықтың сенім деңгейін арттыруға бағытталатын болады. Бұл басты басымдық болып қала береді, деп хабарлады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, азаматтардың тыныштығы мен халықтың криминалдық сипаттағы қауіп-қатерлерден қорғалуын қамтамасыз ету – полицияның негізгі міндеті. Осыған байланысты, алдағы уақытта да көшелерде құқықтық тәртіпті нығайту, кәмелетке толмағандар арасындағы отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдер қылмасының алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілетін болады.

– Қол жеткізілген нәтижелерді сол деңгейде ұстап, қылмыстың біртіндеп төмендеу үрдістерін сақтап, олардың ашылуын арттыру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі және қылмыстық істерді тергеудің электрондық форматы енгізілді. Тергеу мен анықтаудың сапасын арттыру, жедел қызметкерлердің, тергеушілердің, анықтаушылардың жұмысындағы заңдылықты мүлтіксіз сақтау басты талап болып қала береді, өйткені жәбірленушілердің де, айыпталушылардың да құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау осыған тікелей байланысты. Сондай-ақ заттай дәлелдемелерді зерттеудің ең заманауи криминалистикалық әдістемелерін, инновациялық тәсілдерін енгізу қажет, – деп атап өтті Қазақстанның ішкі істер министрі.

ІІМ басшысы сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру жөніндегі мақсатты жұмысты жалғастыруды тапсырды.

– Сондықтан ең басты міндет – сапалы өзгерістер енгізу – қазақстандық полицейдің, жалпы ІІМ жүйесінің азаматтардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға дайын және ашық, жаңа бейнесін қалыптастыру болып табылады, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Алқа қорытындысы бойынша Министр әрбір мәселе бойынша ІІМ қызметтері мен ішкі істер органдарының өңірлік бөлімшелерінің басшыларына нақты тапсырмалар берді және ішкі істер органдары жүйесі үшін 2021 жылды – құқық бұзушылықтардың алдын алу және “жұртқа жақын полиция” қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жариялады.