Құрметті Атырау облысының тұрғындары мен қонақтары, СІЗДЕРДІ АСА САҚ БОЛУҒА ШАҚЫРАМЫЗ! СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАҢЫЗДАР!
Суға батып жатқан адамды байқау қиын. Адам суға батқан кезде бар күшімен ауамен демалуға ұмтылады, аузы қатты ашылып басы артқа шалқайып кетеді. Ал балалар суға батқан кезде басы керісінше алға қарай бағытталып, тұншыға бастайды. Көпшіліктің арасынан суға батып бара жатқан адамды ажырату қиын. Себебі, айқайлауға шамасы болмайды. Суға батқан адам қолын сермеп көмекке де шақыра алмайды, үлкендер жүзуге тырысып қолдарын созып жан-жаққа сермейді, ал балалар қолдарын алға қарай созады. 20 секунд пен 60 секунд аралығында өмірмен арпалысқасын, одан әрі адам су астына кетеді.
Суға шомылу кезіндегі ережелер:
- Тек қана суға шомылу үшін бөлінген жағажайлар мен орындарды пайдаланыңыздар;
- Қоршау белгілерінен әрі бармаңыздар, тыйым салынған орындарда суға шомылмаңыздар, моторлы қайықтарға жақын жүзіп бармаңыздар - бұл өміріңізге қауіпті;
- Ата-аналар және балалар мекемелерінің жетекшілері! Балалардың қадағалаусыз шомылуына жол бермеңіздер!
- Мас күйде суға шомылуға тыйым салынады.
Есте сақтаңыз! Зардап шегушінің өмірін тыныс алуы тоқтағаннан кейін 6 минуттан кешіктірмей қайтаруға болады.
Зардап шегушіні судан шығарғаннан кейін:
- Зардап шегушінің басын қисайта бұрып аузын құмнан, лайдан тазартыңыз. Осы әрекеттерге 15 секундтан артық уақыт кетпеуі тиіс. Зардап шегушінің дем алуын және тамыр соғысын анықтаңыз.
- Бұлар байқалмаған жағдайда ауызбен дем алдыру қажет. Мойын астына киімді орап төсеп, басын барынша шалқайту керек.
- Мұрынын қысып тұрып, құтқарушы терең дем алып, зардап шегушінің аузына дем береді.
- Үрлеу жиілігі минутына 18-20 рет болуы керек.
- Жасанды тыныс берумен бір мезгілде жүрек сыртынан массаж жасауға болады.
- Төс сүйектің жоғарғы үштен бір бөлігіне алақандарын айқастыра қойып минутына 70 рет жиілікпен басады (5 рет басқанда 1 рет ауа үрлеу).
- Егер зардап шегушіде жүрек соғысы мен өздігінен тыныс алу пайда болса, оған ес кірді, яғни сіздің әрекетіңіз босқа кеткен жоқ.
- Жүрек соғысы мен өздігінен тыныс алу пайда болғаннан кейін бірден құтқарылған адамды қайтадан ішіне аударып жатқызу керек және суды шығаруға тырысу қажет.
Атырау облысы жедел құтқару жасағы