Полиция қызметкері жекпе-жектен Қазақстан чемпионы атанды

Полиция қызметкері жекпе-жектен Қазақстан чемпионы атанды

     Жанар Дегенбай ел чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Алматы қаласы полиция департаменті бастығының марапатына ие болды.

     7–10 қазан аралығында Тараз қаласында ересектер арасында жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің әр өңірінен қатысқан ерлер мен әйелдер бірнеше салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

     Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Жанар Дегенбай қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынға ие болды. Осылайша ол Қазақстан чемпионы атанды.

     Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов спортшыны қабылдап, жоғары жетістігі мен табандылығы үшін марапаттады.

— Жанардың жеңісі – тынымсыз еңбектің, тәртіп пен берік мінездің нәтижесі. Жауапты қызметті қатар алып жүріп, спортқа да уақыт бөлу оңай емес. Сондықтан оның жетістігі ерекше құрметке лайық. Мұндай қызметкерлер Алматы полициясының абыройын асқақтатып, әріптестеріне үлгі болады. Жанарды лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектеспін, — деді Айдын Кабдулдинов.

     Полиция қызметкерлерінің дене дайындығын жетілдіруге қолдау көрсету және спорттық дәстүрлерді дамыту олардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.