ІІМ мен Kinopark Theatres есірткінің алдын алу бағытында ынтымақтастықты кеңейтуде

ІІМ мен Kinopark Theatres есірткінің алдын алу бағытында ынтымақтастықты кеңейтуде

     Ішкі істер министрлігінде Kinopark Theatres кинотеатрлар желісінің PR-директоры Ерлан Бұхарбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша есірткі тұтынудың алдын алу және халық үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіруді көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

     Тараптар ең алдымен жастарға бағытталған бірлескен профилактикалық бастамаларды жүзеге асыруды талқылады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – мәдени-демалыс саласының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге саналы түрде теріс көзқарас қалыптастыру.

     Қазан айының алғашқы онкүндігінде отандық және шетелдік фильмдердің премьералық көрсетілімдері алдында есірткіге қарсы бейнероликтерді тұрақты түрде көрсету тетігін пысықтау жоспарланып отыр. Профилактикалық материалдарды еліміздің 18 қаласындағы Kinopark Theatres кинотеатрларында көрсету көзделген. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын едәуір кеңейтіп, көпшілікке есірткі тұтынудың салдары мен оған байланысты қауіп-қатерлер туралы маңызды ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді.

     Kinopark Theatres өкілдері ІІМ бастамасын қолдап, әлеуметтік серіктес ретінде профилактикалық іс-шараларға ерікті негізде қатысуға дайын екендерін білдірді.

     ІІМ әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнеспен өзара іс-қимыл есірткі тұтынудың кешенді профилактикасының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бірлескен жобалар салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеу, жастардың қауіпсіз әрі пайдалы бос уақыт өткізуіне жағдай жасау және олардың есірткі ортасына тартылуының алдын алу үшін заманауи әрі сұранысқа ие алаңдардың мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады.

     Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында бизнес, мәдениет саласы және қоғам өкілдерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастырады. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру есірткі тұтынудың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға, қауіпті азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.