
Павлодар облысында полиция Ekin-Patrol жүйесі арқылы жол қозғалысына бақылауды күшейтті.
Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автоматты түрде құқық бұзушылықтарды тіркейтін Ekin-Patrol жүйесімен жабдықталған патрульдік автокөліктер пайдаланылуда.
Автоматтандырылған жүйе полиция қызметкерінің тікелей қатысуынсыз жұмыс істейді. Ол жол қозғалысы ережелерінің түрлі бұзушылықтарын тіркеп, көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлік белгілерін автоматты түрде таниды. Бұдан кейін анықталған көлік құралдары тиісті дерекқорлар арқылы тексеріліп, берешегі, оған қойылған тыйымдар немесе іздеуде болуы туралы ақпарат нақтыланады.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында Ekin-Patrol жүйесі орнатылған патрульдік автокөліктердің көмегімен 17 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Ведомствоның атап өтуінше, аталған шаралар ең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция жүргізушілерді жолда барынша мұқият болып, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға шақырады.