"Цифрлық учаскелік инспектор": Астанада учаскелік полиция қызметі цифрлық форматқа көшуде

"Цифрлық учаскелік инспектор": Астанада учаскелік полиция қызметі цифрлық форматқа көшуде

     Астанада учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жеңілдетіп, қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған "Цифрлық учаскелік инспектор" жүйесі жұмыс істейді.

     Цифрлық шешім учаскелік инспекторлардың күнделікті қызметіне қажетті негізгі ақпарат пен құралдарды бір жүйеге біріктіреді. Платформа арқылы қызмет көрсетілетін аумақ пен оның тұрғындары туралы мәліметтер, интерактивті карта, профилактикалық есепте тұрған тұлғалар туралы ақпарат және статистикалық деректер қолжетімді.

     Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі жергілікті көмекші де қарастырылған. Ол қызметкерлерге ресми құжаттар мен нормативтік материалдар негізінде қажетті ақпаратты жедел табуға және тиісті ұсынымдар алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте деректер интернетке жіберілмей, ішкі цифрлық ортада өңделеді.

     "Цифрлық учаскелік инспектор" жүйесі учаскелік полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмыс жүктемесін азайтып, қажетті мәліметтерді іздеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

     Сонымен қатар жүйе учаскелердегі ахуалды бақылауды, профилактикалық жұмысты жоспарлауды және қызмет нәтижелерін бағалауды тиімді әрі ашық жүргізуге жағдай жасайды.

     Цифрлық технологияларды енгізу полиция қызметін заманауи форматқа көшіруге, азаматтармен өзара іс-қимылды күшейтуге және "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.