
Ішкі істер министрлігінде "Назар аударыңыз - балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
- "Назар аударыңыз - балалар!" атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылай келе, ата-аналардың назарын балалардың түнде ересектердің еріп-жүруінсіз болу фактілеріне аударғым келеді. 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталды.
Іс-шараны өткізу кезеңінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарының іргелес аумақтарының жол инфрақұрылымын реттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша үш мыңға жуық ұйғарым шығарылды. Оларды жою шаралары қабылдануда. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді.
Балалардың оқу орындары бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру мақсатында объектілерді техникалық нығайту бойынша жұмыс жалғасуда.
Іс-шара аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналардың жауапты екенін тағы да еске саламыз. Балалардың мінез-құлқын, эмоционалдық жағдайын күнделікті бақылау және алғашқы белгілер кезінде полиция органдарына дереу хабарлау маңызды. Оқу орындарында, көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асхат Дюсембеков.