БҚО-да “Жас сақшы” сыныбы ашылды

БҚО-да “Жас сақшы” сыныбы ашылды

     Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Қ. Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясында патриоттық тәрбиені ту еткен “Жас сақшы” сыныбы ашылды. Салтанатты жиын барысында арнайы сыныпқа қабылданған 15 оқушы ант берді.

     Айтулы шараға ПД басшылығы, аудан әкімі және ІІО Ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысып, жаңадан ашылған “Жас сақшы” сыныбының тәрбиеленушілерімен кездесті.

– “Жас сақшы” сыныбы – бұл жай ғана сынып емес, адал азаматтарды шыңдайтын патриотизм мектебі, – деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алмаз Елбаев жас сақшыларға.

     Бұл – Батыс Қазақстан облысында ашылған тоғызыншы “Жас сақшы” сыныбы. Жаңа сыныпта 15 оқушы білім алады. Бағдарлама аясында балалардың құқықтық сауатын арттыруға және патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.

     Сыныпқа ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан, шынайы патриотизмнің өнегелі үлгісін көрсеткен Алпамыс Жексенбаевтың есімі берілді.

     Салтанатты шараға арнайы келген Алпамыс Жексенбаевтың жұбайы Баян Жексенбаева жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше мән беріп отырған полиция ұжымына отбасы атынан алғысын білдіріп, жас сақшыларға сәттілік тіледі.