
Абай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған бірқатар жүргізушілер ұсталды.
Қауіпті маневрлер, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, тіркемеде жолаушыларды тасымалдау, көлік құралын талапқа сай қайта жабдықтамау және көлік құралын мас күйінде басқару — мұның барлығы адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Өткен апта ішінде Семей қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзған бірқатар жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, маневр жасау ережелерін бұзған 34 жүргізуші, жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзған 2 жүргізуші, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған 9 жүргізуші және көлік құралдарын қайта жабдықтау талаптарын бұзған 6 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттырған 5872 жүргізушінің жолы кесілді.
Полиция әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарды да назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, автокөлік тіркемесінде “Өрмекші адамды” жарнамалық мақсатта алып жүру және Семей қаласындағы аспалы көпірде 19 жастағы жүргізушінің қауіпті маневрлер жасағаны бейнежазбаға түскен. Оқиғаға қатысушылар анықталып, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Жолдағы ойланбай жасалған әрекеттің құны — адам өмірі. Әсерлі кадр да, асығыстық та айналадағылардың өміріне қауіп төндіруді ақтай алмайды.
Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар. Заң мен тәртіп — баршаға ортақ.