ІІМ: Үш күнде республика бойынша 11 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі тоқтатылды

ІІМ: Үш күнде республика бойынша 11 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі тоқтатылды

     Ішкі істер министрлігі Жолда жүру қағидаларын бұзудың алдын алу және жолын кесу мақсатында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр.

     Осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – жалған, қолдан жасалған, жасырылған және оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерді пайдалану деректерінің жолын кесу.

     Кейбір жүргізушілер камераға түсіп қалмау үшін және жауапкершіліктен жалтару үшін мемлекеттік нөмірлерін әдейі жасырады. Бірақ оның артында көбіне автокөлік ұрлығы немесе жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу және басқа да заңға қайшы әрекеттер болу мүмкін.

     Біздің міндетіміз – бұл деректердің жолын уақытылы кесіп, ауыр салдарға жол бермеу.

     Соңғы үш тәуліктің өзінде республика бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 11 мың дерегі анықталды. Оның ішінде 1 300 дерек көлікті оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен басқаруға, 600 дерек мемлекеттік нөмірсіз басқаруға, 150 дерек жалған немесе қолдан жасалған нөмірлік белгілермен басқаруға қатысты. Сонымен қатар 1 100 көлік арнайы тұраққа қойылып, 800-ден астам мемлекеттік нөмірлік белгі тәркіленді.

     Мысалы, Қостанай облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген екі жолаушылар автобусы анықталды.

     Астанада жалған нөмірмен жүрген автокөлік тоқтатылды. Тексеру барысында аталған көліктің іздеуде тұрғаны анықталды.

     Павлодар облысында мемлекеттік нөмірсіз автокөлік басқарған жүргізуші тоқтатылды. Ол жылдамдықты асырған, полиция қызметкерінің тоқтау туралы талабын орындамаған және қауіпсіздік белдігін тақпай жүрген. Жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды.

     ІІМ жүргізушілерге мемлекеттік нөмірлік белгілердің ресми және анық оқылатын болуы қажеттігін ескертеді. Мемлекеттік нөмірді рамкамен, пленкамен, пердемен және өзге де құрылғылармен жабуға жол берілмейді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар республика аумағында тұрақты негізде жүргізіледі.

     ІІМ азаматтарды осындай заң бұзушылықтардың куәсі болған жағдайда, "102" нөміріне хабарлауға шақырады. Министрлік жол қозғалысы ережелерін сақтауға және өз қауіпсіздігімен қатар, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.