Антқа адал: "Абырой мен халық сенімі бәрінен биік"

Антқа адал: "Абырой мен халық сенімі бәрінен биік"

     Жас полицейдің қандай маман болып қалыптасуы қызметтің алғашқы күндерінде көрген үлгісіне байланысты. Өйткені ол заң талаптарын ғана емес, жанындағы аға буынның әр шешімі мен әрекетін де бойына сіңіреді. Қызметтің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, қандай жағдайда да заңнан аттамай, ар-ұят пен антқа адал қалудың мәнін өз ісімен көрсетіп жүрген тәжірибелі басшылар бар. Солардың бірі – Ақтөбе қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Аслан Есентаев. 

– "Адал бол" деп айту қашанда оңай. Бірақ адалдық сөзбен емес, күнделікті қызметтегі шешім мен әрекет арқылы қалыптасады. Жас маман айтылған сөзден емес, кәсіби ортасындағы адамдардың ісінен үйренеді. Сондықтан адалдықты өзгеден талап етпес бұрын, басшының өзі үлгі болуы керек, – дейді Аслан Есентаев.

     Сондықтан батальондағы тәрбие құрғақ насихатпен шектелмейді. Жас мамандармен жұмыс кезінде қызметте кездесуі мүмкін нақты жағдайлар талқыланады. Пара немесе сыйлық ұсыну, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатқа пайдалануға итермелеу секілді жағдайларда не істеу керектігі алдын ала пысықталады. Қызметкер мұндай сәтте кімге хабарласып, қандай тәртіппен әрекет ететінін білуі тиіс.

     Жаңадан келген мамандарға тәжірибелі қызметкерлер тәлімгер болып бекітіледі. Олар жас әріптестерімен күрделі жағдайларды бірге талдап, дұрыс шешім қабылдауға бағыт береді. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері де саптық тексерулер мен кәсіби даярлық сабақтарында түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізеді.

– Басшы мен қызметкер арасында берік сенім орнауы маңызды. Сол мақсатта бөлімшеде әркім өз ойын ашық айта алатындай орта қалыптастыруға тырысамын. Әріптестер үшін менің есігім әрдайым ашық. Сенім бар жерде мәселе де жасырын қалмайды, – дейді ол.

     Осындай жұмыстың нәтижесі есептен бұрын қызметкердің сын сәттегі таңдауынан байқалады. Биылдың өзінде батальон қызметкерлері пара ұсыну деректері туралы өзіндік қауіпсіздік басқармасына төрт рет хабарлаған. Нәтижесінде үш адам ұсталды.

     Аслан Есентаевтың өз еңбек жолында да батылдық пен жауапкершілік сыналған сәттер аз болмаған. 2016 жылы полиция сержанты болып жүрген кезінде екі қарулы қылмыскерді залалсыздандыру барысында ерлік көрсетіп, III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған. Бүгінде ол қызмет барысында жинаған тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, жас полицейлерге заңды берік ұстанып, қызметтік антқа адал болудың мәнін түсіндіріп келеді.

– Қызмет жолын енді бастаған полицей ең алдымен заңды басшылыққа алып, ар-ұяты мен берген антына адал болуы керек. Жас мамандарға "Ешкім көрмесе де, дұрыс әрекет ет" деп айтар едім. Себебі полиция қызметкерінің басты құндылығы – оның абыройы мен халықтың сенімі, – дейді командир.

     Аслан Есентаев үшін антқа адалдық – ел сенімін ақтау. Оның айтуынша, Шәкәрімнің "Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл" деген сөзі әрбір полиция қызметкерінің басты бағдары болуы тиіс.