
ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін дәйекті түрде іске асырып жатыр.
Осы жұмыс аясында қылмыстық әрекетке қатысушылардың барлығын анықтау, олардың құқыққа қайшы әрекеттерін құжаттау және қылмыстық істерді сотқа дейін жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі нәтижелерінің бірі – тергеулерді аяқтап, кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін қылмыстық істерді сотқа жолдау.
Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Мәселен, Қарағанды облысында өңірдегі тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 қатысушысына қатысты сот үкімі жарияланды. Сот оларды 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ облыстағы ірі қала құраушы кәсіпорын аумағынан мүлікті жасырын алаяқтық схемаларын пайдалана отырып ұрлаудың осындай фактілеріне қатысы бар ҰҚТ басшысы мен төрт қатысушысына қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алматы қаласында автокөліктерді заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ автокөліктерді сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар ҰҚТ-ның 13 мүшесі 8 жылға дейінгі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Елордада есірткі заттарын өткізгені үшін ҰҚТ ұйымдастырушысы мен 5 қатысушысы сотталды.
Ұйымдастырушы 17 жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайластарына 16 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды.
Қызылордада жүйелі түрде, оның ішінде кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны үшін жергілікті қылмыстық ортаның 8 өкілі сотталды. Тергеу барысында оларға ҰҚТ қызметіне басшылық ету және оған қатысу айыптары тағылды. Сот үкімімен 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жалғасады.
Негізгі міндет – құқыққа қайшы әрекетті тоқтату ғана емес, сонымен қатар қылмыстық топтың әрбір қатысушысының заңда белгіленген жауапкершілігінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Дәлелдемелер базасы жинақталған барлық қылмыстық іс сот үкімі шығарылғанға дейін жеткізіледі.