Талдықорғанда 700-ден астам тұрғын вандализм мен есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы күресте бірікті

Талдықорғанда 700-ден астам тұрғын вандализм мен есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы күресте бірікті

     Талдықорған қаласында вандализмнің алдын алуға және есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған “Антиграффити” профилактикалық акциясы өтті.

     Іс-шара Талдықорған қаласының әкімдігі мен Жетісу облысының полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Акцияға 700-ден астам адам, оның ішінде студенттер, 200-ден астам волонтер және қоғам өкілдері қатысты.

     Рейдтік іс-шара барысында полиция қызметкерлері акция қатысушыларымен бірлесіп, қала тұрғындары мен жастар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, есірткінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілік және қылмыстық заңнама талаптары туралы мәселелерге ерекше назар аударылды.

     Сонымен қатар акция қатысушылары мен қала тұрғындарына есірткіге қарсы бағыттағы 300-ден астам ақпараттық буклет таратылды. Оларда Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Instagram желісіндегі ресми парақшасы мен сенім телефоны көрсетілген. Аталған байланыс арналары арқылы тұрғындар кеңес алып, тиісті ақпаратты хабарлай алады.

     Профилактика әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Сондықтан мұндай акциялар вандализмнің салдарын анықтап, жоюға ғана емес, жастар арасында есірткіге және құқыққа қайшы әрекеттерге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға да ықпал етеді.

     Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасатын болады.