Қарағанды облысында заңсыз қоқыс орындары дронмен бақылауға алынды

Қарағанды облысында заңсыз қоқыс орындары дронмен бақылауға алынды

     Қарағанды облысында полиция "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтті.

     Жыл басынан бері полицейлер 38 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Талаптарды жүйелі түрде бұзған 220 тұлғаға айыппұл салынса, 38 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, бір адам әкімшілік қамаққа алынды.

     Полиция қызметкерлері көшелер мен аулалардан бөлек, жанармай құю станцияларын, қоғамдық тамақтану орындарын, дүкендерді, құрылыс нысандары мен кәсіпорындарды да тексеруде. Тексеру нәтижесінде 417 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 417 нұсқама берілді. Қайта тексеру барысында 286 тұлға жауапкершілікке тартылды.

     Проблемалық учаскелерді бақылау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді қолданылуда. Әуеден жүргізілген мониторинг нәтижесінде рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталып, қоқысты белгіленбеген жерлерге төккен 100-ден астам жүк көлігі тоқтатылды.

     Құқық бұзушылық жасаған автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Көлік иелеріне оларды заңсыз қоқыс төгу фактісі жойылып, салынған айыппұлдар мен экология департаментінің қаулылары бойынша берешек өтелгеннен кейін ғана алу мүмкіндігі түсіндірілді.

     Бүгінде өңірде 148 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Қоқыс тастау қаупі жоғары аумақтарда тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдастырылып, қалдықтарды тасымалдаушыларға жауапкершілік талаптары түсіндірілуде.

     Экологиялық тәртіпті бақылау бойынша рейдтер күн сайын жүргізіледі. Тек соңғы жеті күнде 1 015 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

     Заңды тұлғаларға жүргізілген тексерулер барысында аумақтарды қоқыспен ластаудың 8 фактісі анықталды. Оның 5 жағдайында жер учаскелерінің иелері полицияның қосымша шара қолдануын күтпей, аумақтарды өз еркімен тазартуға кіріскен.

     Қоқысты белгіленбеген жерге төккен екі автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

     Тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінің санитариялық жағдайы да бақылауда. Қараусыз қалған аумақтарға қатысты 13 КСК басшысы мен үй старостасы жауапкершілікке тартылды.

     Сонымен қатар санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын жүйелі түрде сақтамаған 239 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.

     Полиция қызметкерлері жеке секторларды, саяжай алқаптарын және өндірістік аймақтарды күн сайын аралап, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударуда. Кәсіпкерлер үшін анықталған кемшіліктерді жоюдың жеке кестелері әзірленіп, олардың орындалуы бақылауға алынған.

     Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуге тұрғындар да атсалысуда. Азаматтар қоршаған ортаның ластануы мен заңсыз қоқыс орындары туралы ақпаратты чат-боттар, жедел желілер және аумақтық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдері арқылы хабарлай алады.

     Полиция экология мамандары мен волонтерлермен бірлескен жұмысты да күшейтті. Негізгі мақсат – қала маңы мен автожолдар бойында пайда болатын стихиялық қоқыс орындарын жою ғана емес, олардың қайта пайда болуына жол бермеу.