Балалар қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік

Балалар қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік

     Күн сайын таңертең мыңдаған оқушы үйінен шығып, білім ордасына бет алады. Бірі ата-анасымен, енді бірі достарымен, ал кейбірі мектепке өз бетінше барады. Ересектер үшін үйреншікті жол болғанымен, бала үшін көшеден өту сәтінің өзі ерекше сақтық пен назарды талап етеді. Сондықтан Жетісу облысы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарады. 

     Мектеп маңында және көлік қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде полицейлер жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалап, балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне көмектеседі. Сондай-ақ жүргізушілерге оқушылар жүретін аумақтарда барынша мұқият болу қажеттігін ескертеді. 

     Әр баланың артында оны үйде асыға күтіп отырған отбасы бар. Ата-ана үшін ең маңыздысы – ұлы мен қызының мектепке аман-есен жетіп, сабақтан кейін үйіне қауіпсіз оралуы. 

     Полицияның бұл бағыттағы жұмысы тек бақылау мен жауапкершіліктен тұрмайды. Бұл – болашақ ұрпақтың өмірі мен қауіпсіздігіне деген қамқорлық.

 – Жас ұрпақ – біздің болашағымыз. Ал ересектердің міндеті – сол болашақтың қауіпсіз болуы үшін күн сайын нақты іс атқару. Құрметті жүргізушілер! Мектеп маңында ерекше сақ болыңыздар, жылдамдықты төмендетіп, жолда кез келген сәтте бала пайда болуы мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Есіңізде болсын, бірнеше секундтық сақтық ең қымбат құндылық – бала өмірін сақтап қалуы мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді полиция қызметкерлері.