
Павлодар облысында полицейлерге қылмыстарды ашуға және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге камералар көмектесуде.
Павлодар облысында цифрлық технологиялар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып келеді. Бейнебақылау жүйелері полицияға оқиғаларға жедел ден қоюмен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оған қатысы бар адамдарды анықтауға және қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңір аумағында тәулік бойы 117 сыртқы бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың мүмкіндіктері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында полиция қызметкерлері тарапынан белсенді пайдаланылуда.
Жыл басынан бері "102" арнасына 74 715-тен астам хабарлама келіп түскен. Бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 217 қылмыс ашылды. Сонымен қатар олардың көмегімен 26 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Олардың қатарында 289 ұсақ бұзақылық фактісі, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге қатысты 3 825 жағдай және жол қозғалысы ережелерін бұзудың 17 709 фактісі бар.
Азаматтар көп шоғырланатын орындардағы қауіпсіздікке де ерекше назар аударылуда. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында бейнебақылау және жедел түрде аудио байланыс арқылы көмек шақыру мүмкіндігі бар SOS-құрылғылары орнатылған. Қазіргі уақытта мұндай құрылғылар қалалардағы 20 нүктеде және облыс аудандарындағы тағы 9 нүктеде жұмыс істейді.
Халықпен цифрлық кері байланысты дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. "Омниканальность" жобасы азаматтарға полицияға түрлі цифрлық платформалар арқылы өтініш жолдауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері бұл сервисті 1 564 адам пайдаланған. Оның ішінде 299 өтініш "Омниканальность" мобильді қосымшасы арқылы, 734 өтініш Egov Mobile, ал 483 өтініш Kaspi.kz қосымшасы арқылы түскен.
Цифрлық құралдарды тиімді пайдалану полиция мен халық арасындағы өзара байланысты жедел әрі қолжетімді етуге, сондай-ақ профилактикалық жұмысты нақты бағыттап, тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысының полиция департаменті цифрлық технологияларды дамыту, бейнебақылау инфрақұрылымын кеңейту және азаматтармен кері байланыс арналарының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Негізгі мақсат – азаматтардың өтініштеріне дер кезінде ден қою, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.