Алматыда тәжірибелі мотоциклшілер полициямен бірге рейдке шықты

Алматыда тәжірибелі мотоциклшілер полициямен бірге рейдке шықты

     Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысына мотоқоғамдастық өкілдері де қосылды. Олар полиция қызметкерлерімен бірге жеке құрамның саптық таратуына қатысып, кейін қала көшелерінде бірлескен патрульге шықты.

     Бірлескен жұмыс жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар күшейтілген кезеңде жүргізілуде. Оның барысында жол қозғалысы ережесін бұзудың 213 дерегі анықталып, 59 көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Оның ішінде 13 мопед пен 3 мотоцикл бар.

     Бұл жолы профилактикалық жұмысқа өз әріптестері арасында беделге ие, тәжірибелі мотоциклшілерден құралған мотоқоғамдастық өкілдері қатысты.

– Біздің ұстанымымыз айқын: мотоциклді пайдалану заң талаптарына сай, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып және жол қозғалысының басқа қатысушыларына құрметпен жүзеге асырылуы керек. Жекелеген жүргізушілердің әрекеті бүкіл мотоқоғамдастыққа қатысты теріс пікір қалыптастыруға себеп болмауы тиіс, – деп атап өтті рейдке қатысушылар.

     Бірлескен патруль барысында мотоқоғамдастық өкілдері мотоцикл жүргізушілері тарапынан жасалған құқық бұзушылықтарға назар аударып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін, қауіпсіздік талаптарын сақтау және айналадағы адамдарға құрметпен қарау қажеттігін түсіндірді.

     Мұндай жұмыс форматы профилактиканы полиция тарапынан ғана емес, мотоқоғамдастықтың өз ішінде де жүргізуге мүмкіндік береді.

     Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев жол қозғалысы қауіпсіздігі полиция мен жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

– Мотоциклшілердің жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға өздері белсенді қатысқанын қалаймыз. Мотоқоғамдастық өкілдері екі дөңгелекті көлікті басқарудың ерекшелігін жақсы біледі. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын өз әріптестеріне жақынырақ әрі түсініктірек жеткізе алады. Мотоцикл қаладағы қауіп немесе қолайсыздық көзі ретінде емес, жол қозғалысының қалыпты қатысушысы ретінде қабылдануы керек. Ал оның жүргізушісі заң талаптарын сақтап, айналасындағыларды құрметтеп, өзінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты болуы тиіс, – деп атап өтті Әбдінұр Тасыбаев.