Алаңдататын белгілерді назардан тыс қалдырмаңыз: ІІМ ата-аналарды балаларға мұқият болуға шақырады

Алаңдататын белгілерді назардан тыс қалдырмаңыз: ІІМ ата-аналарды балаларға мұқият болуға шақырады

     Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барлық кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады.

     Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.

     Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз. 

- Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері - орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар.

Жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунтарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет.

ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салады. Балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырамыз, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.