
Елордада есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолға шыққан “Заң мен тәртіп” пойызының бағыты аясында бірден екі өңірді — Астана қаласы мен Ақмола облысын қамтыған республикалық акция ұйымдастырылды.
Акцияны ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті Астана қаласы полиция департаментінің, көліктегі полиция департаментінің және “Жолаушылар тасымалы” АҚ қолдауымен ұйымдастырды.
Акция Астана қаласында басталып, елорда тұрғындарын, сондай-ақ Астана — Бурабай бағыты бойынша қатынаған жолаушыларды қамтыды. Алдын алу жұмыстары Ақмола облысында — Щучинск қаласы мен Бурабай станциясында жалғасты. Бұл жерде іс-шаралар білім беру ұйымдарының оқушылары мен өңірдегі ұйымдардың өкілдеріне арналды.
Акция аясында пойыз есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған өзіндік мобильді алаңға айналды.
Жолаушылар мен өңір тұрғындары үшін ақпараттық және интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, профилактикалық әңгімелер өткізілді, кинологиялық қызмет орталығының көрсетілімдік қойылымдары мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Пойыз құрамында жол жүрген делегация бірқатар кездесу мен акциялар өткізді. Олардың негізгі мақсаты — саналы таңдау жасауға және есірткіден бас тартуға шақыру болды.
Акция барысында ішкі істер министрлігінің қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданатын заманауи технологияларына да ерекше назар аударылды. Іс-шараға қатысушыларға ішкі істер органдарының қару-жарақ құрамында тұрған робот-ит, сондай-ақ “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасының жарқын нышандарының біріне айналған “Заң мен тәртіп” маскоты таныстырылды.
Пойыздың безендірілуінде профилактикалық сипаттағы ақпараттар орналастырылған. Олардың қатарында азаматтар көмек немесе кеңес алу үшін жүгіне алатын, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты фактілер туралы хабарлай алатын қызметтердің байланыс деректері бар.
Акция құқық қорғау органдарының өкілдерін, қоғам белсенділерін, жастар мен екі өңірдің тұрғындарын біріктірген мазмұнды қоғамдық-профилактикалық іс-шара форматында өтті.
Республикалық акцияны көшпелі профилактикалық алаң форматында өткізу есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болды.
Акцияның негізгі мақсаты — профилактикалық жұмыстың баршаға қолжетімді, заманауи әрі түсінікті болуы қажеттігін көрсету. Сондықтан “Заң мен тәртіп” қағидаты бойынша жүргізілетін жұмыс қалыптасқан дәстүрлі алаңдармен шектелмей, адамдардың өзіне — білім беру ұйымдарына, қоғамдық кеңістіктерге және тіпті жол үстіне дейін жетеді.