"Таза Қазақстан" акциясы: ШҚО-да 7 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

"Таза Қазақстан" акциясы: ШҚО-да 7 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

     Шығыс Қазақстан облысында республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасуда. Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.

     Негізгі назар қоқыс жиі тасталатын орындарға аударылуда. Рейдтер барысында және бейнебақылау камераларының көмегімен көшелерде, аулаларда және басқа да қоғамдық орындарда ірі көлемді заттар мен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау фактілері анықталды.

     Акция басталғалы бері полицейлер 7 368 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 6 171-і абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, 1 197 факті қоғамдық орындарды ластауға байланысты тіркелген.

     Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары да жалғасуда. Өңірде осындай 164 жағдай анықталып, оның 143-і жойылды.

     Әрбір анықталған құқық бұзушылық бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.