Абай облысында 120-дан астам граффити жазулары жойылды

Абай облысында 120-дан астам граффити жазулары жойылды

     Абай облысында есірткі жарнамасына қарсы күрес жаңа қарқын алды. Қоғамдық орындардағы көзге көрінген әрбір заңсыз жазу – жай ғана бояумен салынған белгі емес. Оның артында жасырын қылмыстық бизнес, жастардың тағдыры және қоғамның қауіпсіздігі тұр.

     Осыған байланысты Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Әділет” партиясының Жастар қанаты өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағында кешенді рейдтік-профилактикалық акция өткізіп жатыр.

     Жыл басынан бері өңірде 10-ға жуық рейд ұйымдастырылып, есірткі құралдарын насихаттайтын және олардың заңсыз айналымына ықпал ететін 120-дан астам жарнама боялды.

     Рейд барысында полиция қызметкерлері мен жастар белсенділері тұрғын үйлердің аулаларын, көшелерді, қоғамдық орындарды және басқа да аумақтарды аралап, қабырғалар мен қоршауларға, түрлі нысандарға жазылған күмәнді жазбаларды анықтауда.

     Бір қарағанда, қабырғадағы бірнеше әріп пен цифр ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай жазулардың мақсаты – есірткіні жасырын түрде жарнамалау және оны тұтынуға немесе заңсыз сатып алуға қызығушылық танытатын адамдарды белгілі бір ресурстарға бағыттау.

     Сондықтан бүгін өшірілген бір жазу – ертеңгі бір қылмыстың алдын алуы мүмкін.

     Акцияның ерекшелігі – оған тек полиция қызметкерлері ғана емес, жастар қауымдастығының өкілдері де белсенді қатысуда. 

     Жастар – қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан олардың осындай профилактикалық жұмыстарға қатысуы құрғақ үгіттен гөрі нақты әрекет арқылы дұрыс өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

     Акция барысында қатысушылар анықталған есірткі жарнамаларын өшіріп қана қоймай, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе жасөспірімдер мен жастарға есірткінің адам өмірі мен денсаулығына, білім алуына, болашағына және қоғамдағы орнына тигізетін кері әсері туралы ақпарат беріледі.

     Қоғамдық кеңістікті заңсыз есірткі жарнамаларынан тазарту арқылы мамандар қала мен елді мекендердің сыртқы келбетін ғана емес, ең бастысы, ақпараттық ортаны қауіпсіз етуге үлес қосуда.