
Қарағанды облысында полиция, әкімдік, прокуратура, сондай-ақ экономикалық тергеу департаменттері бірлесіп, оқу жылының басталуына орайластырылған “Жастар – заң мен тәртіптің тірегі” атты жастар форумын өткізді.
Форум жұмысына ішкі істер министрлігінің комитет төрағасы Арман Саданов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Бас прокуратураның кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Ануар, экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шара “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын насихаттау аясында өткізіліп, жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қабылданатын шешімдерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Форум жоғары және арнайы орта оқу орындарының 15 мыңнан астам студентін біріктірді (офлайн және онлайн форматта).
Қатысушыларға есірткі таратуға, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлікке тартылған жастардың өмірлік оқиғалары көрсетілді. Тәртіп сақшылары нақты мысалдар арқылы асығыс жасалған қадам немесе тез ақша табуға деген ұмтылыс ауыр құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсіндірді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
— Жаңа технологиялар дамыған сайын отбасында алған тәрбиеден бөлек, интернет, әлеуметтік желі, жалпы цифрлық кеңістік жас өрендердің көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына қатты әсер ететінін байқаймыз. Әсіресе оң-солын білмейтін жеткіншектер оңай олжаға қызығып, теріс жолға түсіп кетеді. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқандай, бүгінгі ұрпаққа адамгершілік, жауапкершілік, заңға құрмет секілді құндылықтардың мәнін түсінікті тілмен, заманға сай тәсілдермен жеткізе білуіміз керек, — деді өңір басшысы.
Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген облыс прокуроры цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, қылмыстың алдын алуда заманауи тәсілдерді талап ететін жаңа сын-қатерлерді де туындататынын атап өтті.
Форум ашық және интерактивті форматта өтті. Сарапшылардың баяндамаларынан басқа, студенттермен ойындар, сұхбаттар және панельдік сессиялар ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар нақты сұрақтарды талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.
Заң мен тәртіп тек мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың күн сайынғы саналы таңдауы. Құқықтық мәдениет пен жауапты қоғам дәл осындай таңдаудан басталады.