
Астана қаласы полиция департаментінде полиция қызметкерлері арасында "Парасатты полицей" қалалық байқауы өтті.
Бұл күні қызметтік күнделікті жұмыс шығармашылық ортаға ұласып, полиция қызметкерлері өздерінің өнері мен қабілетін ортаға салды.
Байқауда аудандық полиция басқармалары мен саптық бөліністерден құралған 9 команда бақ сынады. Қатысушылар жеңіске жету жолында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін, шешендік өнерін, тапқырлығы мен шығармашылық қабілетін танытты.
Байқаудың негізгі мақсаты – полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, оның мәртебесін арттыру және қызметтік әрі күнделікті өмірде қолдану аясын кеңейту. Сонымен қатар сауатты, мәнерлі әрі мәдениетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға және тіл мәдениетін дамытуға басымдық берілді.
Қатысушылар кәсіби терминология мен мемлекеттік тілді қолдануға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, өздерінің әртістік шеберлігі мен ұшқыр ойлау қабілетін көрсетті. Әр команда өзіндік ерекшелігін танытып, көрерменнің көңілінен шығуға тырысты.
Сахна сыртында да ерекше көңіл күй қалыптасты. Қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсетіп, командаларына жанкүйер болды. Байқау полиция қызметкерлеріне қызмет барысында көп байқала бермейтін шығармашылық қырларын ашып, бойындағы талантын танытуға мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша Астана қаласы полиция департаментінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды құттықтап, олардың белсенділігін, шығармашылық ізденісін және мемлекеттік тілді насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.
Бас жүлде Нұра ауданы полиция басқармасының командасына бұйырды. Бірінші орынды патрульдік полиция полкінің командасы иеленсе, екінші орын Сарайшық ауданы полиция басқармасының командасына берілді. Үшінші орынды Сарыарқа ауданы полиция басқармасының командасы еншіледі.
Сонымен қатар байқаудың өзге қатысушыларына шығармашылық ізденісі, әртістік шеберлігі және белсенділігі үшін арнайы номинациялар табысталды.
"Парасатты полицей" – жай ғана шығармашылық байқау емес. Бұл – мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, жауапкершілік және қызметтік борышқа адалдық секілді ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды бастама.
Байқау полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындаумен қатар, шығармашылық тұрғыдан дамуға, әріптестеріне қолдау көрсетуге және өз мамандығын жаңа қырынан танытуға ұмтылатынын көрсетті.