
Түркістан облысында жол қауіпсіздігін бақылауға дрон тартылып, рейд барысында 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері дрон құрылғысының көмегімен кезекті рейдтік іс-шара өткізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтады.
Мәселен аудан көшелерінің бірінде Changan автокөлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты тіркеп, жүргізушіге қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік шара қолданды.
Рейд барысында жалпы 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын бұзу, көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою қағидаларын бұзу, жол белгілері немесе жолдың жүріс бөлігіндегі таңбалар талаптарын сақтамау бойынша.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тағуды және жолдағы қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауды түсіндірді.