
Елордада еліміздің әр өңірінен келген автоспорт әуесқойлары мен көрермендердің басын қосқан "Дерби" автомобиль фестивалі өтті.
Жарқын автошоу Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараны Автомотоспорт федерациясының президенті, Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі ұйымдастырды.
Фестиваль аясында "Астана – есірткісіз қала!" профилактикалық акциясы өтті. Оның негізгі мақсаты – есірткі қылмыстары мен құқық бұзушылықтарының алдын алу, сондай-ақ салауатты және белсенді өмір салтын насихаттау.
Іс-шара барысында қатысушылар мен көрермендерге есірткі заттарын қолдану мен таратудың салдары түсіндірілді. Жастарға бос уақытын спортпен және өзге де пайдалы істермен өткізу ұсынылды.
Полиция департаменті спортты, белсенді демалысты және профилактикалық жұмысты ұштастыратын бастамалардың маңызын атап өтті. Мұндай іс-шаралар жастармен ашық әрі түсінікті форматта жұмыс істеуге, жауапты таңдау жасауға және деструктивті әдеттерге балама қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Полиция спорт қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар және белсенді азаматтармен бірлескен жобалар "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтып, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.