Санаулы секунд бәрін шешуі мүмкін: Павлодарда полицейлер қызды құтқарып қалды

Санаулы секунд бәрін шешуі мүмкін: Павлодарда полицейлер қызды құтқарып қалды

     Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторларының жедел әрі батыл әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алды.

     15-ші патрульдік полиция пунктінің учаскелік инспекторлары Азамат Әкімжанов пен Алмаз Сағадатов тоғызыншы қабаттағы балконда қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы шақырту түсісімен оқиға орнына жедел жетті.

     Полицейлер келген кезде қыз балкон қоршауының сыртында, бір аяғымен ғана конструкцияға сүйеніп тұрған. Кез келген абайсыз қозғалыс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді.

     Жағдайды бірден бағалаған учаскелік инспектор Азамат Әкімжанов қызды ұстап үлгерді. Әріптесімен бірге олар қызды қоршаудан алыстатып, қауіпсіз жерге шығарды.

     Кейін қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта ол мамандардың бақылауында және қажетті медициналық көмек алуда.

     Полицейлердің кәсібилігі, сабырлылығы мен батылдығы санаулы секунд ішінде адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

     Полиция азаматтарды айналасында қауіпті жағдайға тап болған адамдарға бейжай қарамауға шақырады. Өмірге қауіп төнген жағдайда дереу 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау қажет.

     Мұндай сәттерде әр секундтың маңызы зор.