Петропавлда балаларға жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Петропавлда балаларға жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

     Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center-де Отбасы күніне орай отбасылық мерекелік іс-шара өтті.

     Балалар мен ата-аналар үшін түрлі эстафеталар мен байқаулар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік шара барысында аниматорлар өнер көрсетіп, балаларға сыйлықтар табысталды.

     Іс-шараға Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері де қатысты. Тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге қызметтік автокөліктерін таныстырып, полиция қызметі туралы айтып берді. Сонымен қатар балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, оларды сақтаудың маңызын еске салды.

     Полицейлер балалардың жолдағы қауіпсіздігіне, әсіресе көлік құралдарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалардың орта есеппен үштен екісі көлік жолаушылары болып табылады. Бұл көрсеткіш балаларды тасымалдау кезінде ересектердің жауапкершілігі жоғары екенін аңғартады.

     Тәртіп сақшылары ата-аналарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, көлік басқару кезінде белгіленген жылдамдық режимін бұзбауды және жолда барынша мұқият болуды ескертті. Сондай-ақ балаларды көлікпен тасымалдау кезінде олардың жасына және бойына сәйкес арнайы балаларды ұстау құрылғыларын міндетті түрде пайдалану қажеттігін атап өтті.

     Жыл басынан бері Петропавл қаласында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 51 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

     "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында балалар мен ата-аналарға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.