Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері министрмен кездесті

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері министрмен кездесті

 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері онлайн режимде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуді Президент көмекшісі, Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин жүргізді.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша диалог процесіне көптеген қоғам өкілдерінің тартылатынын еске салды. Осындай кездесулер барысында ұлттық кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларымен онлайн-форматта мемлекет қабылдап жатқан шараларды белсенді талқылайды. Бұл “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етеді.

– Біз Ішкі істер министрімен кездескенімізге қуаныштымыз. Еліміздің бас полицейі Ішкі істер министрлігін реформалау барысы туралы айтып, жұртшылықты қызықтыратын мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр. Бұл кездесу өте нәтижелі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Ерлан Тұрғымбаев қоғам белсенділеріне министрліктің жұмысына қызығушылық білдіргені үшін алғыс білдіріп, аталған алаңның сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік беретініне және ІІМ жүйесінің ашықтығына ықпал ететініне сенім білдірді.

Ол елдегі криминалдық жағдай, қылмыс санының төмендеуі және қылмыстардың бірқатар түрлерінің ашылуы жақсарып келе жатқаны туралы да айтып өтті. Министр Президенттің елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмаларының іске асырылу барысына, сондай-ақ ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарына арнайы тоқталды.

Ерлан Тұрғымбаев сондай-ақ жеке тұлғаны қорғауды күшейту, оның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, балаларға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты заңнаманы жетілдіру туралы мәлімдеді.

Ұлттық кеңес мүшелеріне Бас прокуратурамен бірлесіп іске асырылып жатқан қылмыстық процестің үш буынды моделін және басты басымдық – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету болып табылатын сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылау алгоритмін апробациялау жұмысы туралы айтылды.

Ведомство басшысы адам саудасына, есірткінің заңсыз айналымына, оның ішінде синтетикалық есірткілерге қарсы күреске байланысты қылмыстарды тергеу практикасын жетілдіру, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерін дамыту бойынша шаралар туралы да әңгімеледі.

Ол жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету және “Жұртқа жақын полиция” қағидаты, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы шеңберінде халықпен кері байланыс орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударды.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда орын алып отырған проблемалық мәселелерге де тоқталды.

Кездесу соңында Ерлан Тұрғымбаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өкілдерімен бірге полиция жұмысының тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, құқық тәртібі органдарының ашықтығы мен есептілігіне қатысты айтылған ұсыныстарды талқылап, олардың барлық сұрақтарына жауап берді.