ШҚО-ның барлық ауданында жедел басқару орталықтары жұмыс істейді

ШҚО-ның барлық ауданында жедел басқару орталықтары жұмыс істейді

     Шығыс Қазақстан облысының барлық ауданында жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. Олар қоғамдық ахуалды тәулік бойы бақылап, полиция жасақтарының оқиға орнына жедел жетуін қамтамасыз етеді.

     ЖБО бейнебақылау жүйелерін, заманауи бейнеаналитика технологияларын және полицияның жедел әрекет ету тетіктерін біріктіреді. Ақпарат нақты уақыт режимінде келіп түседі. Бұл қызметкерлерге жағдайды дер кезінде бағалап, қажет болған жағдайда оқиға орнына жақын патрульдік жасақтарды бағыттауға мүмкіндік береді.

     Цифрлық технологиялардың міндеті – құқық бұзушылықты тіркеумен ғана шектелмей, оның алдын алуға ықпал ету. Бейнеаналитика күдікті немесе қалыптан тыс жағдайларға назар аударып, ықтимал құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

     Жүйе арқылы алынған мәліметтер қоғамдық ахуалды талдау үшін де пайдаланылады. Оның негізінде ерекше назар аударуды қажет ететін учаскелер анықталып, профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалады.  

     Бұл ретте цифрлық технологиялар полиция қызметкерлерін алмастырмайды, керісінше олардың жұмысын күшейтетін тиімді құралға айналып отыр. Олар қажетті ақпаратты жедел алуға, жағдайды бағалауға және тиісті шешім қабылдауға көмектеседі.

     Бүгінде ЖБО Шығыс Қазақстан облысының барлық ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай цифрлық жүйесінің маңызды бөлігі болып отыр.

     Негізгі мақсат – мәселені ертерек анықтау, дер кезінде әрекет ету және құқық бұзушылыққа жол бермеу.