
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кездесуі өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша делегация басшылары бірлескен коммюникеге қол қойып, ішкі істер министрліктері арасындағы одан әрі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын бекітті.
Кездесу барысында тараптар қылмыскерлерді іздестіру, киберқылмыс, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, экстремизм мен терроризм, адам саудасы және заңсыз көші-қон мәселелерін жан-жақты талқылады.
Басты нәтиже – тиісті қызметтердің тікелей өзара іс-қимылын күшейту, жедел ақпарат алмасу және бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі келісімдер.
— Бүгін біз жай ғана ниеттер туралы айтқан жоқпыз. Өзара іс-қимылымыздың артында ашылған қылмыстар, ұсталған іздеудегі адамдар және жолы кесілген қылмыстық схемалар бар. Ендігі маңызды міндет – қол жеткізілген барлық келісімнің іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ету, — деді Ержан Саденов.
Министр Қазақстан түркі мемлекеттерінің құқық қорғау органдары арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі белсенді дамытуға дайын екенін атап өтті.
— Біздің елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы мүдделері ортақ. Ведомстволарымыз неғұрлым жедел әрі үйлесімді жұмыс істесе, қылмыскерлердің мемлекеттік шекараларды өз мүддесіне пайдалану мүмкіндігі соғұрлым азаяды, — деді Қазақстанның ішкі істер министрі.
Астанада қол қойылған коммюнике Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрліктерінің қылмысқа қарсы күрестің негізгі бағыттары бойынша одан әрі бірлескен жұмысының негізіне айналады.