
Таразда "Есірткісіз болашақ" атты профилактикалық акция өтті. Іс-шараға Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және кинологиялық қызмет мамандары, сондай-ақ "Жастар ресурстық орталығының" өкілдері қатысты.
Кездесу Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың 250-ден астам тәрбиеленушісін қамтыды.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – жастар арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын қолданудың денсаулыққа, оқу мен болашаққа тигізетін кері әсері туралы айтып, жастарды заңсыз ұсыныстардан бас тартып, саналы таңдау жасауға шақырды. Сонымен қатар іс-шара барысында ҚР ІІМ-нің "Не книжные закладки" профилактикалық фильмі көрсетілді.
Шара барысында кинолог мамандар қызметтік иттерімен есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, жоғалған адамдарды іздеу және шартты құқық бұзушыны ұстау бойынша арнайы дайындықтарын көрсетті.