
Екібастұз қаласы полиция басқармасы киберполиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында зейнеткер алаяқтарға аудармақ болған 3 миллион теңгесін сақтап қалды.
Әйел бұл қаражатты Грузияға емделу ақысын төлеу үшін аударып жатқанына сенімді болған. Алайда "Халық банкінің" қызметкерлері операциядан күмәнді белгілерді байқап, аударымды дер кезінде бұғаттаған. Сонымен қатар клиентке оның алаяқтық әрекеттің құрбаны болуы мүмкін екенін ескерткен.
Оқиға орнына киберполиция қызметкерлері де қосылып, жағдайдың мән-жайын анықтады. Полицейлер әйелге оның алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсіндіріп, қаражатынан айырылып қалмауына көмектесті.
Полиция мен банк қызметкерлерінің бірлескен әрекетінің нәтижесінде ақша аударымы жүзеге аспай, зейнеткер 3 миллион теңге көлеміндегі жинағын сақтап қалды.
- Полиция қызметкерлері мен "Халық банкі" мамандарына алғысым шексіз. Олар дер кезінде бір нәрсенің дұрыс еместігін байқап, жағдайды түсінуге көмектесті және ақшамды сақтап қалды, – деді әйел.
Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Алаяқтар көбіне емделу, туыстарының қауіпсіздігі немесе ақшаны шұғыл аудару қажеттілігі сияқты түрлі сылтауларды пайдаланады.
Бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамаңыз. Күмән туындаған жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе полицияға хабарласыңыз.