Рудныйда полицейлер тасжолда Тәжікстан азаматтарына көмек көрсетті

Рудныйда полицейлер тасжолда Тәжікстан азаматтарына көмек көрсетті

     Түнгі патрульдеу кезінде Рудный қаласының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тасжолда жүк көлігін байқаған. Көліктің жанында тұрған ер адамдар полицейлерден көмек сұраған.

     Анықталғандай, Тәжікстан азаматтары жүк көлігімен транзитпен жол жүріп келе жатқан. Жолда жүргізушілердің бірінің денсаулығы кенеттен нашарлап, ол қатты әлсіреп, асқазанының ауырғанын айтқан.

     Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Жәнібек Ғалымханов пен рота инспекторы Айбол Аңсағанов шетел азаматтарына дереу көмекке келген. Полицейлер жедел жәрдем бригадасын шақырып, медицина қызметкерлері келгенге дейін жүргізушінің жанында болған.

     Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері ер адамды тексеріп, қажетті көмек көрсеткен. Осыдан кейін оның жағдайы жақсарып, ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

     Жүргізушінің жағдайы жақсарғанына және жолын жалғастыра алатынына көз жеткізген патрульдік полицейлер шетел азаматтарының тасжолға қауіпсіз шығуына көмектескен.

     Тәжікстан азаматтары полиция қызметкерлеріне жанашырлығы, жедел әрекеті және елінен жырақта көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.